Қостанайлық полицейлер WhatsApp желісінен топ ашты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда полицейлер мен пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) төрағалары аумақтардағы қоғамдық тәртіпті сақтау және өрт қауіпсіздігі жағдайы бойынша ақпарат алмасу үшін Ватсап мессенджерінен топ ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұндай шешім Қостанай, Рудный және Лисаков қалаларының ПИК төрағаларымен бірлескен кеңесте қабылданды. Кездесуде Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов, құқық бұзушылықтың алдын алу және полиция жұмысының сапасын арттыру үшін азаматтық қоғамның пікірі маңызды екендігін айтты. Генерал жиынға қатысушыларға «Спайс» және «Жылдамдық» сияқты есірткі препараттарының жарнамасын жабу үшін тұрғындардың көмегі қажет екенін атап өтті.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Құрмет Мәжікенов өз сөзінде ағымдағы жылы қылмыстың жалпы тіркелуі шамамен сегіз пайызға төмендегенін жеткізді.

«Бөгденің мүлкін ұрлау фактілері 15%-ға қысқарды.Осы уақытқа дейін полиция қызметкерлері 43 мыңнан астам әкімшілік заңнаманың бұзылуын анықтады.Бүгінде «Қазақтелеком» АҚ мамандарымен бірігіп, аулаларға 1000-нан астам бейнекамера орнатылды. «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша 60 аула ішінде қосымша камералар жұмыс істейді. Бұл қылмыстың алдын алуда үлкен рөл атқарады», - дейді Қ.Мәжікенов.

Жазда, әсіресе түнгі уақытта көшеде жастар мотоциклдермен жарысқа түсіп, қоғамдық тыныштықты бұзады. Бұл мәселені «Орталық» ПИК төрағасы Алмат Айдосов көтерді. Ал полиция бастығы тәртіп бұзушылар жауапқа тартылатынын айтты.

«Строитель Г» ПИК төрағасы Елена Козина Карбышев көшесінде жаяу жүргіншілер өткеліне кнопка орнату қажет екенін атап өтті, себебі бұл жол учаскесінде жол-көлік апаты жиі тіркеледі.

Жиын соңында тараптар тұрғындармен WhatsApp арқылы байланыс орнатуға уағдаласты. Мессенджердегі топқа полиция және ПИК басшылары, тұрғындар қосылатын болады.

Соңғы жаңалықтар