Қостанайлық полицейлер тұрғындардың сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында «Жолда қабылдау» акциясы аясында полицейлер әлеуметтік желілердің тікелей эфирінде 100-ден астам интернет пайдаланушысының сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Азаматтармен онлайн кездесу «Instagram» және «Фейсбук» ведомстволық аккаунттары арқылы көрсетілді. Қолданушылар онлайн байланыста сауалдарын қойып, тәртіп сақшыларынан құзырлы жауаптарын алды.

«Мұндай қарым-қатынас түрі өте тиімді, себебі тұрғындардың дені жұмыста болады. Акцияға қатыса алмаған мүмкіндігі шектеулі адамдар мен шалғайдағы ауылдардың тұрғындары эфирде сұрақтарын жолдады. Желі қолданушылары да бұл байланыс түрін ерекше атап өтті. Тікелей эфир барысында тұрғындар сауалдарымен қатар, өздерінің жылы пікірлерін де қалдырып жатты, - деп атап өтті облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Андрей Григоревский.

Жергілікті, әкімшілік және көші-қон полициясының бастықтары азаматтарға шетелдік нөмірлері бар автокөлік құралдарын тіркеу, жол қозғалысы ережелерін бұзу, азаматтық алу және полицияға жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес берді.

Қостанай қаласында «Жолда қабылдау» акциясы Абай даңғылы бойындағы «Астықжан», «Емшан» ірі сауда орталықтары алаңында өтті. Сонымен қатар, облыста полиция қызметкерлері 40-қа жуық аулада тұрғындарды қабылдап, олардың жеке мәселелерін талқылады.

Акцияның бірінші күнінде Қостанай полицейлері 36 елді мекенді қамтып, оған 500-ге жуық азамат қатысты. «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясы өңірде осымен бесінші рет өтіп отыр.

Соңғы жаңалықтар