Қостанайлық полицейлер парақорлықпен қалай күреспек

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов пен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Салауат Мүксімов бірлескен брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Брифингте жемқорлыққа қарсы бірлескен жұмыстың жол картасы аясында ведомстволар ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды. Қос басшының бірлескен брифингі өңірде бірінші рет өтіп отыр. Бекет Аймағамбетовтің айтуынша, биыл өңірде екі рет полицияның фронт-кеңсесінде азаматтарды қабылдау күні өтті.

«Бірінші қабылдауды мен жеке өткіздім, екіншісін жергілікті полиция бөлімдерінің басшылары жүргізді. 100-ден астам азаматты қабылдап, сұрақтарға жауаптар бердік, заң кеңестері өткізілді. Енді 7 маусымда таңғы сағат 10.00-ден бастап менің орынбасарларым мен жергілікті жердегі бастықтардың орынбасарлары азаматтарды қабылдайды», - деп атап өтті Б.Аймағамбетов.

Бүгінде халықпен байланыс WhatsApp мессенджері арқылы да жүріп жатыр. Қазір екі топ құрылған. Учаскелік полиция инспекторлары 8 777 054 44 64 нөмірі арқылы жұртшылықтың ұсыныстарын қабылдайды. Екінші топта полиция қызметкерлері мен ПКСК төрағалары отырады. Мұндай шешім Қостанай, Рудный және Лисаков қалаларының ПИК төрағаларымен бірлескен кеңесте қабылданды.
Қостанайлық полицейлер парақорлықпен күресудің бірнеше жолын ұсынды. Солардың бірі - сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін полицияның қатардағы қызметкерлері арасында анонимді on-Line сауалнама жүргізіледі.

«Осылайша тәртіп сақшылардың жұртшылықпен қарым-қатынасын, сыбайлас жемқорлыққа қарсылығын бағалай аламыз. Басты мақсатымыз - сыбайлас жемқорлықпен күресу ғана емес, оның себептерін анықтап, түбегейлі жою. Осы бағытта соңғы бірнеше жылда 60-тан астам заң қабылданды. Полицейлер бұл тұрғыда ауқымды жұмыстар атқарды», - деді
С. Мүксімов.

Сондай-ақ, өңірде патрульдеу жүйесі қайта қаралмақ. Бекет Аймағамбетов айтқандай, өткен жылдың 11 қыркүйегінен бастап облыс орталығының жол-патруль полиция қызметкерлері автопатрульдер мен стационарлық бекеттердің кезекшілерін қысқарту есебінен жаяу патрульдеуге ауыстырылды.

«Бұл тәжірибе оң нәтиже береді. Ағымдағы жылы тұрғын үй аулаларында жаяу патрульдердің қызмет атқару мүмкіндігінің арқасында қоғамдық орындар мен көшелерде жасалған қылмыстардың саны 21%-ға азайса, соның ішінде тонау, бұзақылық, автокөліктерден ұрлау 27%-ға қысқарды», - деп атап өтті полиция департаментінің бастығы.

Сондай-ақ, жоспар шеңберінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүйелі сыртқы талдау жүргізу көзделген, бұл олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл үшін тәуелсіз жұмыс тобы құрылады, оған белсенді азаматтар мен сарапшылар кіреді.

null

Соңғы жаңалықтар