Қостанайлық полицейлер мал іздеп жүріп жоғалып кеткен жігітті құтқарды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат — Қостанай облыстық полицейлері жылқыларын іздеуге шығып, адасып кеткен ауыл тұрғынын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Амангелді аудандық полиция бөлімінің «102» пультіне ер адамның далада жоғалып кеткені туралы хабар түскен.

«Із-түзсіз жоғалған адамның туыстарының айтуынша, 19 желтоқсанда Амангелді ауылының екі тұрғыны атқа мініп, таңертең жоғалған жылқыларын іздеуге шыққан. Ауыл тұрғынының бірі кешке қайтып келген. Екіншісі бір тәулік бойы оралмаған, телефоны сөніп қалған. Анықталғандай, олар малын бөлініп іздеген. 21 жастағы ауыл тұрғыны далада адасып қалған», - деп түсіндірді полиция департаментінен.

Оны іздеуге Амангелді аудандық полиция бөлімінің полицейлері Ерсұлтан Қарин, Бақтияр Шөптібаев және Ерғали Жанарбаев шықты.

Іздеу шаралары барысында тәртіп сақшылары бірнеше сағаттан кейін Амангелді ауылынан 30 шақырым қашықтықтан далада тоңып қалған жігітті тапқан.

Ол полицейлерге адасып қалғанын айтқан. Тәртіп сақшылары жігітті үйіне жеткізді.

Дін аман табылған Асылан Қазихан оларға алғыс айтты.


Соңғы жаңалықтар