Қостанайлық полицейлер фермерлерді бопсалаумен айналысқан - антикор

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Денисов ауданының полицейлері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бопсалаумен айнлысқан. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Департамент ауыл шаруашылығы бағыты бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Денисов ауданының полицейлері тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бопсалау фактілері анықталды. Осындай фактілерге жол бермеу мақсатында полиция департаментінің басшылығы облыстың 5 ауданының басшылық құрамын жаңартты. Осылайша, егін жинау кезеңінде ауыл шаруашылығы техникасын тексеруге және негізсіз тоқтатуға тыйым салынды», - делінген департаменттің баспасөз хабарламасында.

Құзырлы орган мәліметінше, 9 айдың ішінде облыста жеңілдетілген қантқа қатысты да заңсыз әрекеттер анықталған.

«Жеңілдетілген қантпен жасалған заңсыз әрекеттер тоқтатылады. Осылайша, тұрақтандыру қорына 3 тонна қант қайтарылды. Оның үстіне Қостанай қаласы әкімінің орынбасары, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары, Қамысты ауданының әкімі жазаланды. Мұнымен қоса, «Тобыл» ӘКК менеджері мен қойма меңгерушісі және Қостанай қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қызметтерінен босатылды», - деп мәлім етті жергілікті департаменттің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, салынып жатқан жолдарды тексеру кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдіктердің сапасыз жол учаскелерін қабылдауына жол бермеу жолымен 169,5 млн теңге сомасына залалдың алдын алған.

Бұдан өзге, сапасыз әрі уақытылы орындалмаған ауыз су тарту жұмыстарына қатысты да тексеріс жүргізілген.

Нәтижесінде жекелеген сумен жабдықтау объектілерінде жұмыс қайта басталып, негізсіз төленген 26 млн теңге қайтарылған.

Жалпы, биылғы 9 айда облыстық департаменттің іс жүргізуінде 182 қылмыстық іс тіркелген. Оның 52-сі сотқа жолданған.


Соңғы жаңалықтар