Қостанайлық полицейлер боранда адасып кеткен балықшыларды құтқарды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Сарыкөл ауданының полицейлеріне құтқарғаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2021 жылдың 28 қаңтарында түнгі сағат 3 шамасында Сарыкөл аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне ер адам хабарласып, көмек сұрады. 24 жастағы жігіт 27 қаңтар күні досымен бірге Сарыкөл көліне балық аулауға келген. Сол күні кешке ауа райы нашарлай бастады. Боран түсіп, балықшылар үйге жинала бастағанда көлігі бұзылып қалады. Балықшылар көлден шығатын жолды таба алмаған. Полиция бөлімінің кезекші капитаны Жаслан Сұлтанов жедел түрде жүк көлігін тауып, іздеу жұмыстарын ұйымдастырады», - дейді полицияның баспасөз қызметіндегілер.

Полицейлер Серік Төлешов пен Жанат Есмағамбетов «ГАЗ 66» автокөлігін мініп, балықшыларды іздеуге шығады. Бірер сағаттан соң олар көл үстінде тұрған «ВАЗ 21214» автокөлігін көреді. Көлік ішінде бетін аяз қарыған балықшылар күтіп отырды. Полицейлер сынған көлікті тіркеп, аудан орталығына алып келді. Тоңып қалған солтүстікқазақстандықтар полиция бөлімінде бой жылытты.

«СҚО тұрғындары Дмитрий Штых пен Андрей Флице аман сақтап қалған тәртіп сақшыларына алғыс айтып, үйлеріне аман-есен жетті», делінген полиция хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар