Қостанайлық полицейлер азаматтарды интернет алаяқтардан сақтандыруда

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында белең ала бастаған интернеттегі алаяқтық фактілеріне байланысты, полиция қызметкерлері тұрғындарды сақтыққа шақырып жатыр, деп хабарлайды Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция «Қостанай қаласының полициясы тұрғындарды интернеттегі алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады. QIWI-әмиянға ақша аудармас бұрын, сатушының өзі жайлы берген мәліметтерінің дұрыс екеніне көз жеткізіңіздер», - деп жазылған парақшаларды таратып жүр.

Құқық қорғау органдарының белсенді жұмыс жүргізуіне қарамастан, интернеттегі алаяқтық фактілері азаяр емес.

«2018 жылдың басынан бері Қостанай қаласының аумағында 338 алаяқтық дерегі тіркелген, соның 66-сы интернеттегі алаяқтыққа қатысты. Мәселен, 8 шілде күні ер адам хабарласып, «Колеса» сайтында автобөлшек сатып алу үшін интернет арқылы 30 теңге аударғанын, бірақ ақшаны алған сатушы сол күйі «ізін суытқанын» айтты. Дәл осындай жағдайға 25 жастағы қыз да тап болған. 10 шілде күні ол «ОЛХ» сайты арқылы жиһазға тапсырыс беріп, 10 мың теңгесін алдын ала төлеген. Ақыр соңында - ақша да жоқ, жиһаз да жоқ болып шықты», - деп мәлімдеді ІІД өкілдері.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, алаяқтар көбінесе «OLX», «Колеса» сайттарына жарнама береді. Олар жәбірленушілерді негізінен арзан баға және тегін жеткізу тәсілдерімен алдайды.

Осыған байланысты, полицейлер азаматтарды интернеттегі алаяқтардың арбауынан сақ болуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар