Қостанайлық полицей «Жыл ақыны» сыйлығына ұсынылып, Достоевский медалімен марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанайлық сақшы Талғат Нұрғалиев Ресейдегі «Жыл ақыны» ұлттық әдеби сыйлығының номинанты атанып, Достоевский медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ресей Жазушылар одағының президиумы мәлім еткен.

Қостанай облысы Рудный қаласы полиция басқармасының қызметкері, полиция майоры Талғат Нұрғалиев «Стихи.ру» сайтына 60-тан астам өлеңін жариялаған.

Кейін оған шығармалары «Жыл ақыны» ұлттық әдеби сыйлығына ұсынылғаны туралы хабар келеді.

Ол көрші елдегі әдеби сыйлықтың номинанты атанып қана қоймай, конкурстың альманағына шығармаларын бастыру мүмкіндігін алып отыр.

Талғат Нұрғалиев – Қостанай облысы Денисов ауданы Баталы ауылының тумасы. Поэзияға әуестігі бала кезінен бар.

Өзінің айтуынша, үйде әкесі Сабыртай Сантайұлы балаларына өлең оқып беретін болған. Өсе келе әдебиетке деген ықыласын орыс тілі мұғалімі Валентина Беспалова дарытқан.

«Талғат мектепте әр түрлі шығармашылық байқауларға қатысты. Ол ішкі істер органдарында жұмыс істей жүрсе де поэзияны қатар алып жүрді. Қызметін 2002 жылдан бастап патрульдік полиция қызметкері болып бастаған. Қазір Рудный қаласы полиция басқармасының азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау инспекторы лауазымында жұмыс істейді», - деп түсіндірді облыстық полиция департаментінің өкілдері.

Бір жыл ішінде ақын сақшы махаббат, табиғат, отбасы және жұмыс туралы бірнеше өлеңдер жинағын жазып үлгерген.

«Мен үшін бұл күтпеген жағдай болды. Өлеңдерім осындай баға алады деп күтпеген де едім. Бұл марапат шығармашылығымның жаңа кезеңі болады деп үміттенемін. Өлең арқылы іштегі сезімдерімді сыртқа шығарамын. Оның өзінде жұмыстан қолым босағанда ғана уақыт табам», - дейді сақшы.

Полиция майоры поэзиядан бөлек орден, медальдер жинағанды ұнатады. 12 жасынан бастап түрлі төсбелгі жинап келеді. Қазір коллекциясында мыңнан астам әр түрлі төсбелгі бар.


Соңғы жаңалықтар