Қостанайлық өнертапқыш сал ауруына шалдыққан балаларға шана құрастырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанайлық өнертапқыш Мейрамбек Үркімбаев өткен жылы елімізде алғаш болып сал ауруымен ауыратын балаларға арналған шана құрастырып шықты. Өз баласына жасаған шана арбаға біртіндеп еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түсе бастаған. Бүгінде шебер шана арбадан бөлек, аталған ауруға шалдыққан балалар үшін заттар жасап, оны кәсіпке айналдырып отыр. ҚазАқпарат тілшісі Мейрамбек Үркімбаевпен тілдесіп, отандық өнімнің жасалу барысымен жақынырақ танысқан болатын.

«Балама 1 жасында ДЦП (балалардың целебралды сал ауруы) диагнозын қойды. Содан бері сол аурумен күресіп келеміз. Биыл ұлым 10 жасқа толады. Емдеу үшін апармаған жеріміз жоқ. Қазақстаннан бөлек, көрші Ресей, Қытай, Қырғызстан және тағы басқа елдерге апарып көрдік. Сал ауруымен ауыратын балаларды емдеудің бір жолы – үнемі жаттығу жасап, қозғалыста болу. Сол себепті баламды кішкентай кезінен жиі серуендетіп, жаттығу жасаймыз. Сәби шағында арбаға отырғызып серуендететінбіз, өскен сайын ол қиынға соқты. Ойлана келе, арнайы шана жасау идеясы келді. Интернеттен қарап, кәдімгі шана мен қарда жүруге арналған арбаны (снегоход) біріктірдім. Сөйтіп, сал ауруына шалдыққан балаларға арналған шана арба құрастырып шықтым», - деді Мейрамбек Үркімбаев.

Уақыт өте келе, қостанайлық өнертапқышқа еліміздің әр өңірінен тапсырыс түсе бастаған.

«Шана арбаны жасауда баланың бой тұлғасы мен жас ерекшелігі ескеріледі. Және оны жасауға 1-2 күн уақыт кетеді. Құны 30-35 мың теңгені құрайды. Алғашында өзімнің балама арнап жасадым. Кейін уақыт өте келе адамдардан тапсырыс түсе бастады. Осы уақытқа дейін 15 шана арба жасап, ол еліміздің 6-7 облысына жөнелтілді. Әрине, бұл шағын кәсіпкерлік болса да, бәрі қаржыға байланады. Осы орайда, былтыр «Даму» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік курсынан өттім. Содан соң өз жобамды ұсынып, нәтижесінде 1 млн 865 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болдым. Бүгінде сол қаражатқа қажет құрал-жабдықтар сатып алып, өз ісімді дөңгелетіп отырмын», - деді ол.

Оның айтуынша, қолөнер шебері шанадан бөлек, ДЦП-ға шалдыққан балаларға арналған велосипед, тамақ ішуге арналған орындық, сырықтағы жаттығуға (брусья) арналған құрылғы жасайды.

«Жалпы біздің елде сал ауруының зардабын тартқан жандарға арналған құрылғылар мен қажетті заттар жоқ деуге болады. Одан бөлек, бізде оны жасайтын шикізат та тапшы. Айтып өткенімдей, бұл ауруға шалдыққан балалар арнайы құралдардың көмегімен күнделікті жаттығу жасап отыруы қажет. Қазір біз жаттығуға күніне 2 сағат арнаймыз. Себебі тұрақты жаттығу баланың дамуына жақсы әсер етеді. Әрине дайын құрал-жабдықтар бар, бірақ олардың бағалары қымбат», - дейді өнертапқыш.

Құқық қорғау қызметі саласында жұмыс істеген қостанайлық тұрғын бүгінде зейнеткерлікке шығып, баласының ем-домымен айналысуда.

«Мен өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет еттім. Бүгінде зейнеткерлікке шығып, бар уақытымды осы ұлымды емдеу жолына арнап келемін. Жалпы, 4 балам бар. Үлкен ұлдарым кәсібіме қол ұшын созып көмектеседі. Болашақта осы істің аясын кеңейтіп, елімізден бөлек, сыртқы нарыққа да шыққым келеді. Сондай-ақ, осы ойлап тапқан құрылғылардың авторы ретінде патент алғым келеді. Дегенмен оның бәрі уақыт пен қосымша қаржыны талап етеді», - деді М. Үркімбаев.


Соңғы жаңалықтар