Қостанайлық оқушылар жол қауіпсіздігі бойынша челлендж бастады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының мектеп оқушылары жол қауіпсіздігі бойынша челлендж бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл акция көлік жүргізушілердің назарын жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесіне аудару үшін өткізіліп отыр. Шараны бірінші болып Қостанай қаласының №21 орта мектебі мен Әулиекөл орта мектебінің оқушылары бастады. Аталмыш мектепте «3D» жол қозғалысын меңгерген жас инспекторлар отряды құрылған. Олар - жол қауіпсіздігі инспекторлары арасында өткен облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы.

«Акция шарты бойынша, жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында мағыналы сурет салу және оны интернетке жүктеу қажет. Содан кейін челлендж басқа мектепке бағытталады. Қазір арнайы полигонда 21 мектептің оқушылары жол қозғалысы белгілерімен суретке түсті. Бүгін Қостанай ауданы Заречный орта мектебінің оқушылары бұл бастаманы жалғастырмақ. Осылайша, екі апта ішінде облыстың барлық мектептері осы іс-шараға қатысады», - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Полицияда атап өткендей, Қостанай облысында жыл басынан бері профилактикалық шаралардың арқасында жол-көлік оқиғасының саны 12%-ға төмендеді. Айта кетейік, бұл акция халықаралық Отбасы күніне арналған.

Соңғы жаңалықтар