Қостанайлық құтқарушылар шомылу маусымына дайын

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыстық ТЖ департаменті су айдындарында төтенше жағдайды болдырмау мақсатында шомылу маусымы кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департамент бастығы Талғат Кәкімов журналистермен кездесу барысында төтенше жағдайлардың алдын алу шараларымен таныстырды. Оның мәліметінше, өткен жылы облыста он алты адам суға батып кеткен, оның ішінде алтауы - бала. Мамандардың сөзінше, суда қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу, жабдықталмаған жерлерде шомылу және балалардың су айдынына жақын жерде ересектердің қарауынсыз қалуы қайғылы жайттарға ұшыратады.

«Су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жобасын әзірледік. Атап айтқанда, көпшілік демалатын орындарда құтқару бекеттерін, медициналық көмек бөлмесін

ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ішкі істер қызметкерлерімен бірлескен алдын алу шаралары мен патрульдеу өткізу көзделген»,- деді Талғат Кәкімов.
null

Бүгінгі таңда облыста ресми жабдықталған 5 жағажай бар. Олар: Жітіқара қаласындағы қалалық жағажай, Алтынсарин ауданындағы «Жайлау КЗ» ЖШС демалыс базасы, «Селена» ЖШС демалыс базасы, «Сосновый бор» демалыс орны, М. Б. Шаяхметов атындағы «Светофор» демалыс айлағы.

«Қалған жағажайларда суға шомылу қауіпті саналады. Суға шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында төтенше жағдайларды болдырмау үшін қала-аудандардың әкімдеріне хат жібердік. Олар қауіпсіз, нормативтік талаптарға сәйкес келетін суға түсуге арналған орындарды ұйымдастыруы тиіс. Алайда, жергілікті атқарушы органдардың көпшілігі осы мәселені шешуге бейжай қарайды. Соның кесірінен қайғылы жағдайларды хабарлауға мәжбүрміз. Бұл дұрыс емес», - дейді департамент басшысы.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың ішінен қоғамдық құтқарушыларды дайындау бойынша жұмыс жүргізуі тиіс. Дегенмен, Талғат Кәкімов айтқандай, бұл шаруа да ақсап тұр.

«Қазіргі уақытта су айдындарындағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету және осы жылдың шомылу маусымы кезеңінде шұғыл режимде жұмыс істеу үшін департаменттің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді. 7 бірлік автокөлік және құтқару техникасы, 12 бірлік жүзу құралдары, сүңгуір жабдықтары дайындалды, жанар-жағар май және азық-түлік қоры құрылды»,- деп түсіндірді ол.

Соңғы жаңалықтар