Қостанайлық курс жұмысын сатып алу үшін Qiwi әмиянымен ақша аударған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында алаяқтық деңгейі 32,9% артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облысы ІІД-ге сілтеме жасап.

Департаментте мәлім еткендей, 2018 жылғы 7 ай ішінде Қостанай облысы аумағында алаяқтық деңгейі 514-тен 683-ке немесе 32,9 пайызға өскен.

«Алаяқтыққа қатысты 683 оқиға тіркелсе, соның 145-і ғаламторда жасалған. Олардың қатарында OLX, Колеса.kz, Крыша.kz сайттары, Instagram желісі, төлем терминалдары бар. Мысалы, Qiwi әмияны арқылы қызмет немесе тауар үшін төлем жүргізу мақсатында ақша аударған азаматтардың қаражатын иемдену бойынша 38 дерек тіркелген», - деді ІІД өкілі.

Осылайша, 2018 жылғы 13 ақпанда қостанайлық студент ғаламтордағы сайттардың бірінен 8 400 теңгеге курстық жұмыс жасайтын қызмет түрін тапқан. Хабарландыруда ақшаны  Qiwi әмияны арқылы белгілі бір шотқа жіберу керек делінген. Жігіт қаражатты аударған соң, алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген. Дәл қазір Қостанай облысының ІІБ аталмыш дерек бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

«Мұндай оқиғалар жиі қайталанып жатады. Облыс бойынша алаяқтықтан жалпы 624 адам зардап шеккен, олардың 320-сы - әйел адамдар, зейнеткерлер - 56, кәмелет жасқа толмағандар - 4, колледж студенттері - 3, жоғары оқу орнының  студенттері - 2. Сондай-ақ, алаяқтардың құрығына түскендердің қатарында мүмкіндігі шектеулі бір азамат бар», - деді ведомство өкілі.

Соңғы жаңалықтар