Қостанайлық кәсіпорын өзінің 289 қызметкеріне жалақы төлемеген

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында жұмыс берушілер 48 миллион теңге жалақы қаржысын бермей отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Макеевке сілтеме жасап.

Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастарын реттеуде ұжымдық келісімге ерекше маңыз беріледі. Осы орайда, облыс бойынша 5589 ұжымдық шарт жасалған, яғни кәсіпорындардың ұжымдық шартпен қамтылу үлесі 56,2 пайызды құрайды. Ал, еңбек саласындағы қақтығыстарға, наразылық акцияларына, ереуілдерге әсер ететін маңызды факторлардың бірі - жалақыны уақтылы төлемеу. Осыған байланысты, жалақы бойынша берешекті өтеу мәселелері еңбек инспекциясының басым бағыты болып отыр. 

«Ағымдағы жылдың 7 айында облыстық прокуратура, қалалар мен аудандардың әкімдіктері және басқа да мүдделі органдармен бірге 304 млн теңгеден астам жалақы қарызы өндіріп алынды. Төрт мыңға жуық адамның еңбек құқықтары қорғалды. Бүгінгі таңда үш кәсіпорынның 671 қызметкерінің алдындағы жалақы бойынша берешегі - 48,3 млн теңгеге жетті. Мәселен, Әулиекөл ауданы бойынша «Асмадин Проджект» ЖШС 289 қызметкерге 28 млн теңге қарызы бар. 26 шілдедегі мәлімет бойынша, серіктестік қарыздың тек 6,7 млн теңгесін өтеген», - дейді Б.Макеев.

Қарасу ауданындағы «Рамазан-Қарасу» ЖШС 242 қызметкердің еңбекақысын берген жоқ. Қарыз сомасы - 14,9 млн теңге. Дәл осындай жағдай Меңдіқара ауданындағы М.Қарабаев атындағы туберкулезге қарсы шипажайда да тіркелген. Шипажай басшылығы 140 адамға 10,8 млн теңге берешек. Алайда, басшылар жалақы қарызын 2018 жылдың 10 тамызына дейін төлеуге уәде еткен. 

Жыл басынан бері облыстық еңбек инспекциясына еңбек заңнамасының бұзылуына қатысты 671 өтініш келіп түскен. Соның нәтижесінде орта және шағын, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен экономиканың мемлекеттік секторындағы кәсіпорындарға 367 тексеру жүргізілген. Тексеріс барысында 802 заңбұзушылық анықталған, соның ішінде еңбек қатынастарында - 535, еңбек қауіпсіздігі мен қорғау бойынша - 257. 10 азамат облыс мекемелеріне заңсыз жұмысқа орналасқан.

Соңғы жаңалықтар