Қостанайлық кәсіпкерлер Арысқа гуманитарлық көмек жіберді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының кәсіпкерлері Арыс қаласында жарылыстан жапа шекендерге гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Nur Otan» партиясы тарапынан қолға алынған «Арыс біз біргеміз» қайырымдылық шарасына кәсіпкерлер бір кісідей атсалысып жатыр. Жарылыстан зардап шеккендерге жәрдем беру үшін аймақ кәсіпорындары жан-жақты қолдау көрсетті. Өңірге белгілі «Аква-Арасан» серіктестігі партия бастамасын қолдап, қол ұшын беруді жөн санаған.

«20 тоннадан астам ауыз су тиелген жүк көлігі оңтүстік өңір тұрғындарына жөнелтілді. Көптің күшімен жиналған балалар мен ересектерге арналған киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар да Арыстағы ағайынға жеткізілді. Кәсіпорын басшысы Алексей Ефримов - «Nur Otan» партиясы атынан қалалық мәслихаттың депутаты. Әрдайым қоғам өміріндегі маңызды бастамаларға атсалысып тұрады. Партияның мұрындық болған игі акциясына бірінші болып үн қатқандардың бірі біздің компания. Бұл жарылыстан зардап шеккендерге көрсетілетін көмектің соңы емес. Әлде де қолдау көрсетуге әзірміз»,- дейді «Аква-Арасан» кәсіпорны зауыт басқарушысы Игорь Генни.

Гуманитарлық көмекті Қостанайдағы көлік тасымалдау компанияларының бірі тегін жеткізіп берді. Олардың айтуынша, жүк көліктері Арыс қаласына белгіленген уақытта жетті.

«Халықтың басына қиын сәт туғанда жәрдем беруден біз де қалыс қалмауды жөн көрдік. Алдағы уақытта да өз тарапымыздан Арыс қаласының тұрғындарына қолдан келген көмектің бәрін көрсетеміз», - дейді SV Trans Logistic басшысы Валерий Сусаренко.

Бұған дейін Қостанайдан Арыс қаласына 20 тонна ұн, 7 тонна макарон, 3 тонна кондитер өнімдері жөнелтілді. Соңғы жағдайларға байланыста облыста гуманитарлық көмек қабылдау бекеті ашылды.

Соңғы жаңалықтар