Қостанайлық дәрігер вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайын айтты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласы №2 емханасының бас дәрігері Самат Шүменбаев коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның қос компонентін алғашқылардың бірі болып салдыртып, ҚазАқпарат тілшісіне жағдайы туралы баяндап берді.

Дәрігер вакцинаны алғашқылардың бірі болып қабылдағандар қатарында болды.

«Жыл бойы коронавируспен ауырмаған едім, бірақ ауруға шалдықпауым екіталай екенін біліп, вакциналаудан өттім. Бірінші компонентті салдыртқан соң үш аптадан кейін екіншісі егілді. Барлығы қалыпты түрде өтті. Бірінші компоненттен кейін де, екіншісінен кейін де ешқандай өткір белгілер болған жоқ. Бірінші компоненттен кейін тура бір тәулік бойы ЖРВИ басталар алдында болатындай әлсіздік сезілді. Бұл - ағзаның алғашқы тәулік ішінде болуы мүмкін реакциясы», - деп баяндайды дәрігер.

Дәрігер бір тәуліктен соң жоғарыда аталған барлық белгілердің толық жойылатыны таңқалдыратынын атап өтті.

«Вакцина компонентін қабылдаған соң медицина қызметкері сізді жарты сағат бойы бақылайды. Одан кейін үш күн бойы мейірбике пациентке телефон шалып, жағдайын сұрап отырады. Вакцина бар, оны егу керек деп санаймын. Бұл өз қауіпсіздігіңіз үшін қажет», - дейді ол.

Иммундау кезеңі басталғалы 9330 адамға вакцина егілді, соның ішінде бір компонетпен - 7072 адамға, екі компонентпен – 2258 адамға егілген.

Иммундаудан кейін жағымсыз белгілердің пайда болу оқиғалары тіркелген жоқ.

Тұрғындардың барлық санатын иммундау үшін «Гам-Ковид-Вак» вакцинасы қолданылуда.


Соңғы жаңалықтар