Қостанайлық бойжеткенді Астанада көлік қаққаны туралы ақпарат жалған - Астана ПД

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанайлық бойжеткенді Астанада көлік қаққаны туралы ақпарат жалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі елорданың Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетсек, осыған дейін республикалық БАҚ құралдарында Қостанай облысы Денисов ауданының 26 жастағы тұрғыны Сабина Жүнісбекованың жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Туыстары Сабинаның өткен жылдың желтоқсанының соңында елордаға жұмыс іздеп кеткенін хабарлаған. Сабинаның әкесі хабарласқан кезде тұтқаны белгісіз әйел көтеріп, қызын көлік қағып кеткенін айтып берген-мыс. Тіпті бойжеткенді белгісіз көлікке отырғызып, біреулердің алып кеткені туралы әңгіме тараған еді.

Бұл оқиғаға байланысты бүгін Астана қаласының Полиция департаменті ресми хабарлама таратты.

«16 қаңтар күні Әлихан Бөкейхан көшесі 12-ші үйдің маңында біртүрлі әрекетімен және сырт кимі жоқ бойжеткеннің жүргені туралы полицияға хабар келіп түсті. Тексеру барысында ол бойжеткеннің 26 жастағы Сабина Жүсінбекова екені анықталды. Ол 16 қаңтар күні із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Бойжеткеннің жоғалғаны туралы туған-туыстары хабар берген еді», - делінген Астана қаласы Полиция департаментінің хабарламасында.

Бұдан соң Сабина Жүсінбекова белгісіз затпен улану белгісі бойынша Астана қалалық ауруханасына жеткізілген.

«Осыған дейінгі бойжеткеннің жол-көлік оқиғасына тап болды деген ақпарат расталмады. Қазіргі уақытта Сабина Жүнісбекованың жағдайы тұрақты. Денесінде ешқандай жарақат та, өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп те жоқ. Бойжеткен туған-туыстары мен дәрігерлердің қарауына берілді», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта жалған ақпарат тарату фактісі бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін іздеу салынған қостанайлық қыздың Астанадан табылғандығын хабарлаған едік.



Фото: alau.kz

Соңғы жаңалықтар