Қостанайлық балуан қазақ күресінен әлем чемпионы атанды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Беларусь Республикасының астанасы Минскте аяқталған қазақ күресінен әлем чемпионатында қостанайлық Ерлан Омаров топ жарып, алтын медаль тақты. Минскте жеңіс тұғырынан көрінген қостанайлық Ерлан Омаров ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы шағын сұхбат берді.

Ерлан, жеңіс құтты болсын! «Қазақстан барысы» мен «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі жарыстан соң көп ұзамай әлем чемпионатына аттандыңыз. Қиынға соққан шығар?

-  Әрине, әлем чемпионатына «сен тұр, мен атайындардың» барлығы келеді. Елімізде өткен ауқымды жарыстардан кейін байрақты бәсекеге қатысу кез келгеніміз үшін оңайға тимегені анық. Тіпті, бірінші белдесуде-ақ тіземді шығарып алдым. Дегенмен, бұл - спорт. Ел намысын арқалап келген соң әуелгі міндет абыроймен күресу болды. Қалауын тапсаң, кез келген қиындықтан өтуге болады. Әйтпесе, бірде республикалық турнирде жеңіп келе жатып, белдесудің аяқталуына 20 секунд қана уақыт қалғанда, ұтылып қалғаным бар... Үлкен залда қаншама мың адам саған көз тігіп отырады. Айғай-қиқу, музыка, жарықтың бәрі саған әсер етеді. Сол кезде ең алдымен психологиялық ішкі түйсік дайындығы аса қажет. Егер өз-өзіңді сол жерде қайрай білсең, сөз жоқ, жеңіске жеттің!

-   Бұл додада қай елдердің балуандары болды?

-  Алғашқы айналымдарда Польша мен Қытай спортшыларын ұттым. Содан соң тәжірибелі әзірбайжандықпен шықтым. Бұл жолы да бағым жанды. Жартылай финалда латвиялық балуанды жеңдім. Ал, финалда атақты ресейлік, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Рослаков күтіп тұрды. Жарақатым қарамастан, белдесуді абыроймен аяқтадым.

-  Сөйтіп, білектілер бәсекесінен озық шықтыңыз. Жалпы, әлем чемпионатын кім ұйымдастырды?

- Ерлер арасында 7-ші рет, әйелдер арасында тұңғыш рет өткізілді. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Біріккен күрес одағы ұйымдастырды. Барлығы отызға жуық елден балуандар қатысты. Бұл қазақтың төл спорт өнерінің дамығанын көрсетеді. Биылғы əлем чемпионаты даңқты спортшы, Беларусь қазақ күресі федерациясының құрметті президенті Александр Медведтің құрметіне орай ұйымдастырылды. Сондай-ақ, тұңғыш рет нәзікжандылар арасында әлем чемпиондары анықталды.

Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар