Қостанайлық әртістер тарихи қойылымның тұсаукесерін Моңғолияда өткізді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры «Ботақара-Шешенбике» тарихи драмасының тұсаукесерін Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Театрдың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан сахналаған ақын, драматург Әскерхан Ақтайдың туындысы ел мен жер, бірлік тақырыбын ту еткен. Драмада қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс қана емес, бейбітшілікке ұмтылыс, достық, шынайы махаббат суреттеледі. Ұжым директоры Сабыралы Кемелбаев ынтымақ, татулық тәуелсіз Қазақ елінің де басты ұстанымы екенін атап өтті.

«Ботақара батыр мен жоңғар ханымы Шешенбикенің есімі ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Олардың көксеген мақсаты қай дәуірде де маңызды. Қарағанды облысы, Балқаш өңірінде Ботақара мен Шешенбике тауы бар. Ботақара батыр өмірін қазақ даласын жаудан азат етуге арнады. Оның арманы киіз туырлықты көшпелі ел қазақ пен қалмақтың басын қосып, келісім орнату еді. Бұл ойын жоңғар тәйжісінің қызы Шешенбике де қолдады. Драма осынау тарихи оқиғаны арқау етті. Қойылымды Баян-Өлгийдегі бауырлар өте жақсы қабылдады. Кәсіби сыншылар да жоғары бағасын берді. Әртістерге көрермендер орнынан тік тұрып қошемет көрсетті», - деді Сабыралы Кемелбаев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Басты рөлдерді сомдаған Асылан Кенжетай мен Мөлдір Құбаш Моңғолияның «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Актер Бақытжан Таңатқанұлының сөзінше, қостанайлықтардың Баян-Өлгийдегі гастрольдік сапары әлі жалғасады.


«Бізді шекарадан қандастарымыз шашу шашып, ән-күймен, жырмен қарсы алды. Аяқ-қолымызды жерге тигізбей, аймақ орталығына алып келді. Шетелде қазақтардың былайша тойын жасап, ас беріп, емін-еркін өмір сүріп отырғанына марқайып қалдық. Ағайындарымыздың жергілікті ұлтпен тату отыруына тарихымыздағы Ботақара, Шешенбике секілді тұлғаларымыздың дәнекер болуы себеп болғанына көзіміз жетті. Ал спектакль премьерасына Қазақстандағы, Ресейдегі, Моңғолиядағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өкілдері, мемлекеттік лауазымдағы азаматтар келіп жатыр. Ал біз қойылымды сахналаған М.Құрманханұлы атындағы музыкалық драма театр өз алдына бір үлкен мектеп. Алыстағы ағайынның тірлігіне өте разы болып бара жатырмыз», – деді театр актері Бақытжан Таңатқанұлы.

«Ботақара-Шешенбикеден» бөлек, өнер ұжымы Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» спектаклін көрерменге ұсынды.


Соңғы жаңалықтар