Қостанайдың бас санитарлық дәрігері: Эпидемиологиялық ахуал нашар

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артуда. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы брифингте облыстың Бас санитарлық дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай облысындағы эпидемиологиялық ахуал нашар. 2021 жылдың 11 шілдесінен бастап облыс «қызыл» аймаққа кірді. Соңғы алты күнде инфекция жұқтырғандардың саны едәуір өскен – тәулігіне 53-ден 116 жағдайға дейін тіркеліп отыр. Соңғы жеті күндегі өсу қарқыны – 0,65%», - деді ол. – Соңғы аптаның өзінде 639 жаңа жағдай тіркелді. Жұқтырғандардың 17,9%-ы инфекция анықталған науқастармен байланыста болған, 5,1%-ынан вирус кәсіби тексеру кезінде анықталған, 76,8% науқас ауруханаға өз бетінше қаралған.

Коронавирус жұқтырғандардың көбі – облыс орталығының тұрғындары. Қостанайда барлығы КВИ-дың 8 641 жағдайы тіркелген, бұл – жалпы облыс бойынша ауырғандардың 48,33%-ы.

Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Анжела Бексұлтанова берген ақпарат бойынша, 22 стационарда 1 302 төсек дайындалған. Онда 575 науқас ем алуда. Жүктеме 44%-ды құрап тұр.

«Стационарларға жатқан науқастардың саны өсуде. Жансақтау бөлімінде 34 науқас жатыр, 22 науқастың жағдайы ауыр. Жас санаты бойынша, негізгі контингент – 60-70 жас аралығындағы науқастар. Ілеспе ауруларға байланысты олардың ауруы прогрессивті жүруде», - деп түсіндірді А. Бексұлтанова.

Коронавирус жұқтыру жағдайларының өсуіне байланысты өңірде халықты вакциналау белсенді жүргізілуде. Екпені 30 медициналық ұйымда алуға болады. А. Бексұлтанованың айтуынша, бүгінгі күні халықтың 217 мыңы вакцинаның бірінші компонентін алған, екінші компонентті алғандар саны 109 мыңнан асады.

Дәрігерлер тұрғындарды маска тағу, әлеуметтік арақашықтық, жеке гигиена, сонымен қатар вакциналау сынды алдын алу шараларын қатаң сақтауды сұрайды.


Соңғы жаңалықтар