Қостанайдың бас полицейі тұрғындардың мәселесін шешті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнінде Қостанайдың полиция басшылары 100-ден астам азаматты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов 10 адамды қабылдады. Генералға Қостанай қаласының тұрғыны Қорғанбек Абдулла жүгінді. Айтуынша, оны туған қызы алдап кеткен. 2014 жылы оның балалары кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, ірі қара мал сатып алады. Банк кепілге Қорғанбек ақсақалдың үйін тіркейді. Құжат бойынша Қорғанбек Абдулла – шаруа қожалығының басшысы. Бірақ кейін бизнес шығынға ұшырап, балалары барлық малды сатып жіберген. Осы іс бойынша полиция департаментінің бастығы Б.Аймағамбетов алдымен мүлік шығынын есептеуді ұсынды. Ол үшін азаматтық-құқықтық қатынастар арқылы сотқа жүгіну қажет.

Қостанай қаласының тұрғыны Наталья Ниязбаева генерал Аймағамбетовке өз мәселесін айтты. Ол үш жыл бұрын автокөлік сатып алған, кейін сол көлікті қайта сатпақ болған кезде ұрланғанын анықтаған.Тіпті, оның идентификациялық нөмірі өзгертілгені белгілі болды. Осы факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Автокөлік тәркіленіп, айғақ зат ретінде тұраққа қойылды.

«Мен оны адал сатып алдым. Полицияға кімнен сатып алғанымды айттым. Меніңше, бұл іс толық зерттелмеді, себебі олар маған автокөлікті сатқан адамнан жауап алмаған. Сатушы Қарағанды қаласында тұрады», - дейді Наталья Ниязбаева. Бекет Аймағамбетов тәртіп сақшыларын жақын арада Қарағанды қаласына сапармен жіберуге уәде етті. Тиісінше, көлік сатушыдан жауап алынады.

Полиция бастығының қабылдауына Жангелдин ауданының тұрғыны Жарасбай Мұхатов келді. Айтуынша, оның жылқысы ұрланған. Бұл мәлімет бойынша ол полицияға арыз жазады. Содан кейін жылқыларының ауылдасының ауласында тұрғанын білген. Полиция қозғалған іс аясында сараптама жүргізді. Нәтижесінде жылқы Мұхатовтікі емес болып шықты. Алайда, жәбірленуші сараптама дұрыс нәтиже бермеді деп санайды. Сөзінше, жылқыларды алмастырып қойған. Қазіргі уақытта Жарасбай Мұхатовтың дәлелдері тексеріледі.

Департамент бастығы өңірде мал ұрлығының ашылуы 40% асатынын атап өтті. Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні облыс аудандарында 70-тен астам ауыл тұрғыны қабылданды.

Соңғы жаңалықтар