Қостанайдағы Tartyl Fest фестиваліне қыздар да қатысып жатыр
2022 жылғы 12 тамыз 22:16

Қостанайдағы Tartyl Fest фестиваліне қыздар да қатысып жатыр

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда өтіп жатқан Tartyl Fest республикалық турникке тартылу фестиваліне 276 адам тіркелген. Олардың арасында әкелі-балалы қатысушылар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестиваль қаланың орталығында өтіп жатыр. Турникке тартылудан бабы мен бағын сынап көргісі келген қостанайлықтар аз емес. Қатысушылардың ең кішісі – 8 жаста, ең үлкені – 66 жаста.

Сегіз жасар Мансұр әкесіне еріп келіпті. Фестивальге екеуі де қатысуға бел буған.

«Мен 8 рет тартылдым. Қиын болған жоқ. Әкеммен келдім. Бірге қатысамыз», - дейді Мансұр.

Фестивальге бірге қатысу әкесінің бастамасы болған. Алайда, ол ұлы келісе кетеді деп ойламағанын айтады.

«Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз. Күшімізді сынауға келдік. Ұлым үйде үнемі турникке тартылады. Сонымен бірге, джиуджитсуге қатысады. Сегіз жасында 8 рет тартылды. Үйлесіп тұр», - дейді Алмат Ғаппасов.

Турникке тартылуға жігіттер жағы ғана емес, қыздар да келді. Ортаға 8 жасар Валерия Свистова шыққанда жиналғандар ду қол шапалақпен қолдау білдірді. Ол 10 рет тартылды.

Еске салсақ, қостанайлық Андрей Антонян турникке 45 рет тартылып, фестивальдің бұған дейінгі қатысушылары орнатқан рекордты жаңартты.

Фестиваль Қостанай облысында қайтыс болған бес жасар Мәдина Ерланқызын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталған болатын.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT