Қостанайдағы санаторий қызметкерлерінің 4,7 млн теңге жалақысын бере алмай отыр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында мекемелер жұмысшыларының 4,7 миллион теңге жалақысын бере алмай отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев кеңейтілген мәжілісте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастарын реттеуде ұжымдық келісімшартқа ерекше мән беріледі. Осы орайда, облыс бойынша 6 мыңнан астам ұжымдық шарт жасалған, яғни кәсіпорындардың ұжымдық шартпен қамтылу үлесі 57,8 пайызды құрайды. Бұл республика бойынша 8-ші көрсеткіш. Ал, еңбек саласындағы қақтығыстарға, наразылықтарға әсер ететін маңызды факторлардың бірі - жалақыны уақытылы төлемеу.

«Жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі - Еңбек инспекциясының басым бағыты болып отыр. Жыл басынан бері Қостанай облысында 1 540 қызметкердің жалақысы облыстық прокуратура, қала мен аудан әкімдіктері және басқа да мүдделі органдардың араласуымен төленді. Бұл - 118,5 млн теңге. Бүгінге дейін орта және шағын, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен экономиканың мемлекеттік секторындағы кәсіпорындарға 870 шағым келіп түскен. Олар уақытында қаралып, 432 тексеріс жүргізілді», - деді Марат Жүндібаев.

М. Қарабаев атындағы Қостанай облыстық туберкулезге қарсы санаториінің қызметкерлерге берешек жалақы мөлшері 4,7 млн теңгеге жетті. Барлығы 132 қызметкер жалақысын уақтылы ала алмай отыр.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов санаторий басшыларын сөзге тартты. Олардың айтуларынша, қыркүйек айының жалақысы тек қарашада ғана төленеді.

«Сіздер мемлекеттік мекемені басқарасыздар. Бірақ, жұмыстарыңызда ешқандай жүйе жоқ. Бөлінген ақшаны дұрыс игере алмай отырсыздар. Сол 132 адамның несиесі болуы мүмкін. Олар ай сайын еңбекақыларын күтіп отырады. Ал сіздердің іс-әрекеттеріңіз мынау. Бұлай болмайды. Келесі апта маған түсініктеме хат әкеліңіздер. Барлық қызметкердің жалақысы осы айдан қалмай төленсін. Басқа сатып алуларды ысырып қойыңыздар. Мұны өз бақылауыма аламын», - деді өңір басшысы. 

Әулиекөл ауданы бойынша «Асмадин Проджект» ЖШС, Қарасу ауданындағы «Рамазан-Қарасу» ЖШС, Жітіқара кентіндегі «Тоқтар ГРК» ЖШС қызметкерлерінің еңбекақысын әлі берген жоқ. Облыс әкімі аталған аудандардың әкімдеріне жалақы мәселесін тез арада шешуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар