Қостанайдағы Президент резиденциясы: әкімдік жуырда нысанның жаңа профилін таңдайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, өзге бірқатар өңірдегідей Қостанай қаласындағы Президент резиденциясы да балалар игілігіне берілмек. Әзірге кешеннің қандай мақсаттағы мекемеге айналатыны туралы нақты шешім қабылданған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысының әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, арнайы жұмыс тобы жасақталып жатыр. Оның мүшелері облыс орталығынан қашық орналасқан кешен базасында балаларға арналған нақты қандай нысан құрылатынын шешеді. Мәселе жақын күндері шешімін таппақ. Уәде етілгендей, қорытынды ұйғарым ресми түрде жарияланады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалады. Қазір ғимаратты өткізу және оны пайдалану механизмі қарастырылып жатыр. Қабылданатын шешім туралы қосымша хабарлаймыз», - деді Қостанай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жұматай Кәкімжанов.

Қазір бұрынғы Президент резиденциясы әлі де ерекше қорғалатын нысандар қатарында. Онда кіруге рұқсат жоқ.

Бұған дейін хабарланғанындай, облыс әкімдіктері резиденциялар ғимараттарын пайдалану мақсатын (балабақша, сауықтыру орталығы, демалыс орны, т.б.) өңірдің қажеттілігіне қарай жергілікті жерде шешеді.

Бұған дейін Ақтөбе әкімдігі бұрынғы Президент резиденциясының балаларға арналған демалыс немесе сауықтыру орталығына айналатынын растаған еді.

Фото: Қостанай облысының әкімдігі


Соңғы жаңалықтар