Қостанайдағы өрттен жойылған орман алқабына қайың егіле бастады

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының Әулиекөл ауданында болған алапат өрттен орманға келген зардаптың салдарын жою үшін ағаш отырғызу жұмыстары басталды. Мұндай хабарлама өңірлік әкімдіктің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні қалпына келтіру жұмыстары басталды. Биылғы жылы Әулиекөл - Қостанай тас жолының бойына ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Ағаштарды бөлу және отырғызу жұмыстарына 100-ге жуық адам жұмылдырылған. Орман шаруашылығы жұмыстарына 7 бригада (63 адам, 21 техника) тартылды. Осы аптада қайың егу жоспарланса, келесі аптада қарағай отырғызу басталады. Сонымен қатар, орман күзеті қызметкерлеріне 700-ден астам киім-кешек сатып алынды», - делінген әкімдік сайтында.

Жергілікті құзырлы орган дерегінше, биыл 1 қарашадан бастап облыстың орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі.

Еске салайық, қыркүйек айында Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданында орман өртенген еді. Бірнеше күнге жалғасқан өрт салдарынан 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алды. Сонымен қатар, Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті. Қазіргі таңда тілсіз жау салдарынан баспанасынан айырылғандарға үй салынып жатыр. Оның құрылысы аяқталуға жақын.


Соңғы жаңалықтар