Қостанайдағы өрт кезінде жарақат алған 4 адам ауруханада жатыр

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Өрт кезінде жарақат алған 10 адамның төртеуі ауруханада жатыр. Бұл туралы Қостанай облысындағы өртке байланысты ұйымдастырылған жедел брифингі барысында төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, 1935 жылы туған бір адам қайтыс болды. Сонымен қатар, 10 адам жарақат алған болатын. Атап айтқанда, қазір 4 адам дәрігерлердің қарауында ауруханада жатыр. Ал тағы 6 адам дәрігерлердің тексеруінен кейін өз үйлеріне жіберілді», - деп мәлім етті Талғат Уәли.

Министрліктің ресми өкілі өрт жағдайы бақылауда екенін айтты. Оның ақпаратына сай, ашық жалын мен сөндіру мүмкін болмай жатқан өрт ошақтары жоқ.

Брифингі аясында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрт себеперін анықтау бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тисті органдар өрт қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны да қарастырады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәліметі бойынша, Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт 43 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті. 10 адамды орташа деңгейде күйік шалған және уланған. Сондай-ақ, Аманқарағай ауылында бір адамның мәйіті табылды.


Соңғы жаңалықтар