Қостанайдағы өрт: 2091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын жарақат алды

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы өрт басталғаннан бері 2091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 6 қыркүйек күні таңертең жүргізілген барлау жұмыстарынан соң, негізгі күш пен техника Бағаналы ауылына бағытталды . Оған Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың инженерлік техникасы да жұмылдырылды.

«Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарында қарауылдау ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізілуде. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ. Қазіргі таңда қалдық от ошақтарын сөндіріліп жатыр», - деп мәлімеді ҚР ТЖМ жедел штабынан.

Өрт басталған уақыттан бастап Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан - 1841, Бағаналы және Қазанбасы елі мекендерінен 250 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Бүгінде эвакуцияланғандардың басым көпшілігі өз баспаналарына оралды. Ал қалғандары туыстарының үйіне қоныстанды.

Жедел штаб дерегінше, өрт кезінде 12 адам түрлі жарақат алған. Оның ішінде 7 тұрғын, орман шаруашылығының 1, әкімдіктің 1 және ТЖМ 3 қызметкері бар. Мұнымен қоса, тілсіз жау салдарынан 1935 жылы туған бір адам көз жұмды.

Қоса кетсек, бұған дейін Қостанайдағы өрттен зардап шеккендерге үйлер салу жұмыстары басталып жатқанын жазған едік.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, баспаналар Мақтааралдағы су тасқыны кезінде жүзеге асырылған жоба негізінде салынады.


Соңғы жаңалықтар