Қостанайдағы меморгандарда 235 бос жұмыс орны бар

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық әкімдігінде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017 жылдың 26 маусымында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов барлық қала, аудан әкімдеріне мемлекеттік органдардағы бос орындарға кадр тарту мәселесін көтерген-ді. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Арман Әбенов те дүйсенбілік аппарат мәжілісінде баса айтты.

«Науырзым ауданындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық,  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі лауазымы төрт жылдан бері, Ұзынкөл ауданында бас маман лауазымы екі жылдан бері бос тұр. Денисов ауданындағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі лауазымына соңғы бір жылда ешкім тағайындалмаған. Жалпы, облыстық басқармаларда 46 бос жұмыс орны бар. Тамыз айында облыс бойынша барлық меморгандарда 250 бос орын болды. Қазір бұл көрсеткіш небәрі 235-ке кеміді. Соның ішінде, денсаулық сақтау, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, экономика және бюджетті жоспарлау, дене шынықтыру және спорт, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ветеринария басқармаларында маман тапшы», - деді Арман Әбенов.

Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов аудан, қалалардың әкімдеріне жоғарыда көрсетілген мәселелерді ретке келтіруді тапсырды.

«Үш ауданда бас есепші жоқ. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі лауазымының ұзақ уақыт бос тұруы дұрыс емес. Елімізде жақсы маман даярлайтын жоғары оқу орындары баршылық. Жас мамандарды қызметке тартып, тәрбиелеп, жағдайды шешуге болады. Бұл мәселені тез арада дұрыстау керек»,-деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар