Қостанайдағы құс фабрикасы жылына 250 млн дана жұмыртқа өндіреді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда жұмыс сапарымен жүрген ҚР вице-премьері, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бүгін бірнеше өндірістік нысанды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өмірзақ Шөкеев алдымен Рудный қаласындағы цемент зауытының жұмыс барысымен танысты. Аталған зауыттың құрылысы 2012 жылы басталған. Алайда, қаржы жетіспегендіктен құрылыс жұмыстары кейінге шегерілген еді. Жаңа өндіріс ошағы үстіміздегі жылдың маусым айында іске қосылды. Цемент зауыты жылына 500 мың тонна цемент өндіреді. Жақында зауыт ішіндегі айналмалы пештің қосу-баптау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы құрылғылар сатып алынды. Жергілікті мамандарға цемент пешінің баптауларын үйрету үшін Белогород техникалық университетінің қызметкерлері келмек. Қазір кәсіпорында 216 жұмыскер бар. 

Өмірзақ Шөкеев Рудный қаласында «Жас Қанат - 2006» ЖШС-де болды, онда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Ақылды құс фабрикасы» пилоттық жобасының жұмысымен танысты. Кәсіпорынды аралау кезінде «Жас Қанат - 2006» ЖШС директоры Қайрат Маишев министрге сыртқы сауданың жай-күйі туралы баяндады.

«Өндірісті автоматтандыру сегіз сағаттық жұмыс күнінде миллионға жуық жұмыртқаны тасымалдауға және қаптауға мүмкіндік береді.  Өндірілетін өнім еліміздің барлық өңірлерінде сатылып, Ресейге, Ауғанстанға, Тәжікстанға және Қырғызстанға экспортталады. Биыл өнімді Иран мен Қытайдың жаңа нарықтарына экспорттауды бастамақпыз. Сонымен қатар алдағы үш жылда цифрлық технологияларға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция салу жоспарланып отыр. ERP (Enterprise Resource Planning) жүйесін енгізу технологиялық процестердің сапасын жақсартуға және өндірістік мәселелерді жедел шешуге, соның ішінде қашықтан шешуге жол ашады. Бұдан өзге, одан әрі жаңғырту аясында жұмыртқаны, ет және басқа да өнімдерді терең өңдеуге арналған автоматтандырылған желіні іске қосу мүмкіндігі қарастырылады», - деді Қ.Маишев.

«Жас Қанат - 2006» ЖШС жаңғыртудың үш кезеңінен өтті, барлық қажетті инфрақұрылым құрылды, ең жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынды. Бүгінде инвестициялар көлемі 3 млрд теңгеден асады. Процестерді автоматтандыру жұмыртқа өндірісін жылына 7 млн-нан 250 млн данаға, ет өндірісін 500 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. 

Қазіргі уақытта фабрикада 1,4 млн құс бар. Сұрыптау цехында қуаттылығы сағатына 120 мың жұмыртқаны тазалайтын жапондық «Nabel» жабдығы бар. Бұдан өзге, кәсіпорында жұмыртқа салатын қораптар шығару желісі іске қосылды. 

«Бірінші бесжылдықта жылына 20 миллион дана жұмыртқа қанағат секілді көрінген, бірақ уақыт өте келе өндіріс көлемін арттыру талабын орындауға көштік. Ендігі жерде жылына 250 миллион дана жұмыртқа шығаруды қалыпты нормаға айналдырдық. Бірақ алда тағы бәсекелесіңнің өнім көлемі ұлғая беретін болса, сол кәсіпорынмен терезеңді тең ұстауың керек», - дейді фабрика директоры.

Өмірзақ Шөкеев «Жас-Қанат 2006» ЖШС жұмысына оң баға берді. Министрдің айтуынша, бәсеке Қазақстанмен ғана шектеліп қалмайды, сол үшін де жаңа жобаларды қолға алу қажет.

Соңғы жаңалықтар