Қостанайдағы көкпар чемпионатында полицейлер жеңіске жетті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Заречный кентіндегі «Арғымақ» ипподромында 2019 жылғы ұлттық ат спорты ойындары маусымының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спортшылар қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, тай жарыс, құнан бәйге, аламан жарыс, көкпар сияқты ұлттық ойындар бойынша жарысты. Облыстық чемпионатқа Қостанай облысының құрамасы мен полиция департаментінің «Динамо» командасы, сондай-ақ Майлин, Сарыкөл, Әулиекөл, Денисов аудандарының өкілдері қатысты.

Топтық кезеңде полиция шабандоздары Қостанай облысының құрамасын 7:1 есебімен, Сарыкөл ауданын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Финалдық бәсекеде тәртіп сақшылары тағы да облыс құрамасымен кезедсті. Олар бірінші минуттан бастап өз мықтылығын көрсетті. Ұйымдасқан ойын нәтижесінде полиция қызметкерлері қарсыластарынан тағы да басым түсті. Бұл жолғы есеп – 3:0.

«Бала кезімнен ат үстіндемін. Полицияда кавалериялық взвод бар, менің қызметтік атым – «Оқжетпес». Біздің командамыз 12 адамнан жасақталған. Полициядан бөлек, ТЖМ мен ІІМ Академиясы қызметкерлері де бар. Ойын 40 минутқа созылды, әр минут маңызды болды. Қарсыластар мықты. Мен командада шабуылшымын, сондықтан маған үлкен жауапкершілік жүктелді»,-деп атап өтті ЖҚАЖ инспекторы Бақдәулет Асанов.

Еске салсақ, бұл - тәртіп сақшыларының биылғы бірінші жеңісі емес. Қостанай облысы полиция департаментінің командасы «Наурыз-2019» республикалық турнирінде және 9 мамыр Жеңіс күніне арналған облыстық турнирде жеңіске жеткен болатын.

«Біздің жігіттер шымыр. Командада өз ісінің шеберлері жиналған, олар алаңда бір-бірін жақсы түсінеді. Ойын үстінде аз-мұз қателіктер болды. Ондай олқылықтардың орнын толтырамыз. Алдағы уақытта біз дайындықты күшейтеміз», - дейді «Динамо» көкпар командасының жетекшісі, ЖҚАЖ командирі Жәнібек Мұхамеджанов агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Соңғы жаңалықтар