Қостанайдағы қайырымдылық жылы «Сарқыт» дәстүрімен басталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл қолға алынған «Қайырымдылық керуені» республикалық жобасы аясында Қостанайда алғашқы акция өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы жобаның қаңтар айына белгіленген «Сарқыт» шарасын өткізді.

«Сарқыт» акциясының шеңберінде қазақ халқының бірден екі дәстүрі - «Тұсаукесер» және «Бесікке салу» көрсетілді. Бұл үшін әйелдер мен балаларды бейімдеу орталығында өмір сүріп жатқан нәрестелі екі ана арнайы шақыртылған.

null Сахна төрінде салттарды іске асыруды, оның терең мән-мағынасын залдағы көрермендерге түсіндіруді ақ жаулықты әжелер міндетіне алыпты. Әжелер, ұйымдастырушылар жастардың арасында мұндай визуалды шаралардың жиі өткізілу керектігін жеткізді.

Сонымен, ең әуелі Нұрсана есімді екі айлық нәресте бесікке салынды. Тиісінше, бесіктің әр бөлігі жайлы ақпараттар беріліп, оларға қатысты ырым-жоралғылар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Анасының алтыншы баласы-Нұрсанаға да ақ тілек арналып, әлди айтылды.

Әлинұр есімді 1 жас, 3 айлық баланың тұсауын кесіп, «тәй-тәй» басқызу құрметі өңірге белгілі ғалым Әлімжан Бекмағамбетовке тапсырылды. Қазақтың осы бір тамаша дәстүрінің мәнісі жайлы да жүргізуші арулар жан-жақты түсінік берді. Төрге төселген ақ жол үстімен қаз-қаз қадам басқан Әлинұр тасталған заттардың ішінен қамшыны қалап алды. Мұны жұртшылық жақсылыққа балап, «нағыз батыр болып өсер» деп жорып, ақ баталарын берді.null

Бұл қайырымдылық акциясын өткізуге «Бірлік» әзербайжан этномәдени бірлестігі, облыстық тарихи-өлкетану музейі және «Ақ дариға» қазақ әндері хоры көмек көрсеткен.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жоба аясында жылдың әр айында қайырымдылық шаралар өткізілетін болады.

«Біз қайырымдылық акциясы барысында басқа ұлт өкілдеріне қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныстырғымыз келеді. Мәселен, осы қаңтар айы біз жасаған күнтізбеде «Сарқыт» деп аталады. Бұл дәстүрдің мәні - тамаққа ұқыпты қарау. Әлеуметтік мәні - ас-суды басқалармен, жағдайы төмен адамдармен бөлісу. Біз өңірдегі барлық білім беру ұйымын, еңбек ұжымдарын қайырымдылық акциясын өткізудің осындай форматына қосылуға шақырамыз. Сонымен қатар, ақпанда «Сыбаға», наурызда «Шашу» жобаларын ұсынамыз. Сәуір айының басында жерлестерімізді ұзақ қыстан кейін асарлатып қолдауға тиіспіз. Бұл айды «Асар» деп атауымыздың себебі сол. Аға ұрпаққа қамқорлық жасау айы - мамыр. Мектептер, жоғары оқу орындарының түлектеріне қолдау көрсетуді «Тоқымқағар» айында, яғни, маусымда өткіземіз. Осылайша, жыл бойы халықтың әртүрлі топтарын қамтып, акция ұйымдастыру жоспарланған», - деп атап өтті ҚХА мүшесі Еркін Әбіл.

Соңғы жаңалықтар