Қостанайдағы ғасырдан астам тарихы бар мешіт бұзылмайды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай орталығындағы Марал ишан мешіті тарихи-өлкетану музейінің балансына берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовқа сілтеме жасап.

Ел арасында Ақмешіт атауымен танымал Марал ишан мешіті 1893 жылы тұрғызылған. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында онда эвакуациялық пункт орналасты. Соғыстан кейінгі жылдары кинотеатр, 1980-1991 жылдары филармония жайғасты. 1991 жылғы 1 қарашада мешіт халыққа қайтарылды. Сол жылы 70 жыл үзілістен кейін алғаш рет Құрбан айт намазы оқылды.

2002 жылы мешітке ғұлама Марал ишан Құрманұлының есімі берілді.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, аталған мешіт тамыз айына дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының балансында болған.

«Мешіт екі жыл бойы пайдаланбай тұрды. Ғимарат ескірді, іші-сырты әбден тозғандықтан, оны әуелі қалпына келтіру қажет. Осы уақытқа дейін ғимаратты мешіт ретінде сақтап қалу мәселесі қарастырылып келді. Мұсылмандар діни басқармасы мешітті қайта жаңғырта алмады», - деді Ерлан Қалмақов агенттік тілшісіне.

Тұрғындар арасында мешіттің бұзылуы мүмкін екені айтылғаны рас. Бұл мәселе көктемде облыс әкімінің есеп беру кездесуінде де көтерілді.

«Облыс тұрғындары бұл ғимаратты мешіт қана емес, жалпы тарихи орын ретінде сақтап қалу туралы мәселе қозғады. Енді біз бұл нысанды жергілікті атқарушы органның балансына өткіземіз. Алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалатын шығын есептелетін болады. Жөндеуге кететін қаржы қайдан алынатынын әзірге айта алмаймыз», - деді басқарма басшысы.

Сонымен, Ақмешіт облыстың тарихи-өлкетану музейінің баллансына өтті. Енді ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары жасалмақ.

Мuftyat.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, мешіт аумағы 844,3 шаршы метрге тең. Бір күмбезді, бір мұнаралы, ал күмбезінің биіктігі - 18,890 метр, мұнарасының биіктігі - 22,745 метр. Мешіт 1000 адамға арналған.



Фото: kst-museum.kz

Соңғы жаңалықтар