Қостанайдағы ғасырдан астам тарихы бар Марал ишан мешіті қайта жөнделеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда 1893 жылы салынған Марал ишан мешітін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына 200 млн теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, ел арасында Ақмешіт аталып кеткен мешіт өткен жылдың тамыз айына дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірлігінде болған.

«Ақмешіт ғимараты «Тарихи сәулет ескерткіштері» мен «Қасиетті Қазақстан» жобаларының тізіміне енген. Қазір мешіт ғимаратына реставрациялық жұмыстар жүргізетін ғылыми-жобалық құжат дайын. Жақында облыстық бюджеттен 200 млн теңге қаржы бөлу туралы ұсынысымыз мақұлданды. Енді республиканың тәжірибелі сәулетшілеріне мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырыс беріп, ғимаратты қайта жаңғыртамыз. Басты мақсат - мешіт ғимаратының бастапқы кейпін қалпына келтіру», - деді басқарма басшысы.

Ал, мешіттің қандай мақсатта қызмет ететіні әлі шешімін тапқан жоқ.

«Мамандарымыз Орынбор қаласындағы архивтен Ақмешіттің бұрынғы суреттерін, құрылыс жобасының сызбаларын тапты. Бұл құжатта мешіт күмбезі қазіргісінен үш метр биік. Біз мұны да қалпына келтіреміз. Ал енді Ақмешіт болашақта қандай мақсатқа қызмет етеді деген мәселе қазірше толық шешілген жоқ. Бұл мәселе мешіт ғимаратына қайта жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң белгілі болады», - деді Ерлан Қалмақов.

Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Марал ишан мешіті діни нысан болып қалатынын айтқан болатын. https://kaz.inform.kz/news/kostanaydagy-akmeshit-dini-nysan-bolyp-kalady-arhimed-muhambetov_a3400526

Мешіт былтыр тарихи-өлкетану музейіне берілген болатын.

Айта кетсек, Марал Ишан мешіті тарихын ХІХ ғасырдан бастайтын көне мешіттердің бірі. Бұрынғы аты - Ақмешіт. 1879 жылы Тобыл өзені жағасынан бой көтерген Қостанайда бас-аяғы бес-алты жыл ішінде өндіріс орындары ашылып, жан-жақтан ел жиналды. Бірте-бірте өсе келе, аймақ орталығына айналды. Қалаға мұсылмандар көптеп орнығуына орай имандылықты насихаттайтын мешіт мәселесі қолға алына бастады. Дін үйі жергілікті халықтың қаржысына, асар әдісімен салынды.
Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында онда эвакуациялық пункт орналасты. Соғыстан кейінгі жылдары кинотеатр, 1980-1991 жылдары филармония жайғасты. 1991 жылғы 1 қарашада мешіт халыққа қайтарылды. Сол жылы 70 жыл үзілістен кейін алғаш рет Құрбан айт намазы оқылды. 2002 жылы мешітке ғұлама Марал ишан Құрманұлының есімі берілді.

Соңғы жаңалықтар