Қостанайдағы алапат өртке себепкер деп танылған тракторшыға қатысты үкім шықты

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Былтыр Қостанай облысының Әулиекөл ауданында болған алапат өрттің тұтануына себепкер деп танылған тракторшыға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім етті.

Жергілікті құзырлы органның дерегінше, бұған дейін сотталушыға оның тракторынан шашыраған шоқ Әулиекөл ауданындағы алапат өртке себеп болды деген айып тағылған.

«Әулиекөл аудандық сотымен Александр Рапейко «Бөтеннің мүлкін жою, зақымдау, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі отқа не қауіпіпі жоғары басқа да көздермен абайсыз жұмыс істеу нәтижесінде ірі көлемдегі зиян келтіру» бабы бойынша айыпталды. Іс сотқа сотталушының прокурормен кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімімен келді. Процессуалдық келісімде прокурор сотталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 204-бабының 2-бөлігімен, 341-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған ҚК-нің 58-бабының 2-бөлігін пайдалана отырып, онша ауыр емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру арқылы 1 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сотталушы кінәсін толық мойындап, процессуалдық келісімді толық қолдады», - деп жауап берді облыстық соттың баспасөз қызметінен тілші сауалына орай.

Жоғарыда аталған ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша айыпталушыны 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе сол мерзімге шартты түрде соттау жазасы тағайындалады.

«Процестік келісімнің шартына сәйкес және жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, іс бойынша жеңілдетілген мән-жайлардың бар-жоғын ескере отырып, Әулиекөл аудандық соты оны 1 жылға бас бостандығынан айуыру түріндегі жаза тағайындады. Дегенмен Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде Александр Рапейкоға тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы оның барлық мерзімінде пробациялық бақылау белгілеу және ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігімен көзделген міндеттер жүктелумен шартты деп танылды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Қоса кетсек, таяуда Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанайдағы өртке кінәлі бірнеше лауазымды тұлға күдікке ілінгенін мәлімдеп еді.

Еске салайық, қыркүйек айында Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданында орман өртенген еді. Бірнеше күнге жалғасқан өрт салдарынан 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алды. Сонымен қатар, Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті.


Соңғы жаңалықтар