Қостанайдағы ақындар айтысының финалына шыққандар белгілі болды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласында Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған «Бейімбеттің биігі» атты республикалық ақындар айтысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айтыстың ашылуында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев сөз сөйлеп, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің құттықтауын жеткізді. Бүгінгі сөз додасының жүргізушісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның айтуынша, республикалық айтыс екі күнге созылады. Үздік шыққан алты ақын ертең өтетін финалдық кезеңге қатысады. Қазылар алқасының құрамында халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет, ақын, профессор Аманжол Алтаев, әдебиеттанушы, «Дарын» сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай бар.

«Айтыс – концерт емес. Сурыпсалма ақындар ойға келген сөзді ірікпей, халық күткен дүниелерді ортаға салады. Бұл айтысты «Nur Otan» партиясы қолдап, Қостанай облысы әкімдігі ұйымдастырып отыр. Төл өнеріміздің партия қамқорлығына алынғанын айта кету керек. Бүгінгі сөз бәйгесі қазақ әдебиетінің бәйтерегі Бейімбет Майлинге арналып отыр. Қазақтың үш бәйтерегінің қайсысы болса да, ұлты үшін аянбай еңбек етті, сол үшін қиянат көрді. Солардың бірі – Би-ағаң қазақ өмірінің суретін жасап берді. Оның «Раушан коммунист», «Шұғаның белгісі» сынды өміршең шығармалары әлі күнге дейін маңызын жоғалтпады. Бүгін де қазақтың рухын іздеген ақындар сахнаға шыққалы отыр», - деді Жүрсін Ерман.

Сонымен, республикалық сөз сайысына С.Құсанбаев (Өскемен), А. Қалиев (Арқалық), С. Өтелбаева (Қостанай), Ә. Ережеқызы (Нұр-Сұлтан), Ж. Жұпархан (СҚО), Е. Дәулетұлы (Ақмола обл.), Ш. Сезімхан (Алматы), М. Сұлтанхан (Қызылорда), А. Бисенғалиев (БҚО), М. Ізтілеу, Т. Өтепбаев, М. Оспанов, Б. Сағынтаев, М. Байзақов (барлығы Қостанай облысынан) сынды ақындар қатысты.

Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан алғашқы жұпты құрады. Қазылар екі ақынға да жоғары ұпай көтеріп, финалға жолдама берді. Сондай-ақ, ақтық сынға өткендердің арасында Серік Құсанбаев, Шұғайып Сезімхан, Әсем Ережеқызы, Салтанат Өтелбаева, Тоба Өтепбаев, Айнабек Бейсенғалиевтер бар.

Айта кетейік, айтыс жеңімпазына темір тұлпар тапсырылады. Финалдық кезең ертең сағат 11.00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар