Қостанайдағы Ақмешіт діни нысан болып қалады - Архимед Мұхамбетов

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысындағы Марал ишан мешіті діни нысан болып қалады. Бұл туралы аппарат мәжілісінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай орталығындағы ғасырдан астам тарихы бар Марал ишан мешіті тарихи-өлкетану музейінің балансына берілген болатын. 

Бүгінгі аппарат мәжілісінде мешіт ғимаратын жергілікті балансқа беру туралы мәселе талқыланды.

«Тарих және сәулет ескерткіші, әрі жергілікті маңызы бар сакральды нысан - Ақмешіттің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Аталған нысанды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Біздің алдын-ала жоспарымыз бойынша, келесі жылдың соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауға болады», - деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов өз баяндамасында.

Ал Архимед Мұхамбетов Марал Ишан мешітіне қатысты алып-қашпа әңгімелердің артық екенін атап өтті. 

«Кейбір БАҚ-та, әлеуметтік желілерде осыған қатысты ел арасында түрлі пікір туындатқан мақалалар жазылуда. Бірақ, олай дүрлігудің қажеті жоқ. Бұл мәселені бақылауыма алдым. Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, бір жыл бұрын Діни басқарма бұл тарихи нысанды балансымызға берді. Енді оның құрылыс-жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырамын. Жол картасын дайындаңыздар. Қажетті қаржыны бөлеміз. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң ҚМДБ-мен келісе отырып, ғимараттың қызмет көрсету мақсатын анықтаймыз. Бір анығы, бұл діни нысан болып қалады», - деді Архимед Мұхамбетов.

Жыл басынан бері мәдениет нысандарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 349,5 млн теңге бөлінген. Оның ішінде шаруашылық субъектілерінің қаражаты есебінен 7,1 млн теңге жұмсалды.

Фото: kst-museum.kz

Соңғы жаңалықтар