Қостанайда жыл басынан бері 4 адам иіс тиіп көз жұмды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында жыл басынан бері 4 адам иіс тиіп көз жұмды. Бұл туралы журналистермен болған кездесуде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы, жыл басынан бері облыста 120 өрт фактісі тіркелген, салдарынан 8 адам көз жұмды. Оның ішінде 4 адамға иіс тиген. Соған байланысты өңірдің ТЖД қызметкерлері өрттің алдын алу үшін профилактикалық шараларды жүргізуде.

«9-10 ақпан аралығында 2443 жеке тұрғын үй тексерілді. Тағы 87 үйдің иелері ТЖД мамандарына есік ашпаған. Барлығы 278 көпбалалы отбасы тіркеуге алынды. Жеке үйлерде 750-ге жуық өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы байқалды. Оларға түсіндіру жұмыстарын өткіздік», - деді А.Орымбаев.

Өрт сөндірушілер жүргізген рейдтің көздегені де сол - тұрғындарды қауіпсіздік ережелері туралы құлағдар ету, тілсіз жаудың алдын алу. Әсіресе, жеке меншік секторда тұратындар үшін мұндай шаралар маңызды. Себебі, былтыр қала бойынша орын алған тілсіз жау фактілерінің дені жер үйлерде болған.

Саяжайларда да өрт қауіпсіздігін бұзуға қатысты олқылықтар көп. Көптеген адамдар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаймайды. Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында ТЖД қызметкерлері рейд шараларын осы аумақта да жүргізді.

Соңғы жаңалықтар