Қостанайда жыл басынан бері 1 миллионнан астам мемқызмет көрсетілген

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында жыл басынан бері 1 367 857 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның басым көпшілігі, яғни, 65%-ы денсаулық сақтау саласына тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Арман Әбенов баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтердің сапасын анықтау мақсатында жыл басынан бері 476 мониторинг жасалған. Аудан, қалаларда 680 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Электрондық формада көрсетілетін қызметтер мен цифрлық сауаттылық деңгейін көтеру үшін тұрғындарға арналған бұрыштар жасалған.

«Соңғы сегіз айдың қорытындысында мемқызмет көрсету мерзімін бұзған 154 факт тіркелді. Оның ішінде Меңдіқара ауданында - 74, Федоровта - 10, Қостанай ауданында - 8, Таранда - 6, Қарасу, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарында - 2, Арқалықта - 9, Қостанай қаласында 3 рет қызметтің орындалу тәртібі бұзылған. Әулиекөл, Денисов, Қарабалық және Жітіқара аудандарының әрқайсысында бір фактіден кездеседі. Аудан деңгейінде жасалатын бұзушылықтар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, сәулет, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты», - деді Арман Әбенов. 

Аппарат басшысының баяндамасына сәйкес, облыста мемлекеттік көрсетілетін қызметтің мерзімін бұзуға жол берген 92 жауапты тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды. Соның 71-не ескерту, 17-не сөгіс, 4-не қатаң сөгіс берілген.

Соңғы жаңалықтар