Қостанайда жол үстіндегі ұшақ қайдан келгені анықталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда қала тұрғындары өзге көліктермен бір қатарда жол үстінде қозғалған ЯК-40 ұшағын қызықтап, суретке, бейнетаспаға түсіріп, ғаламторда талқылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл «Ақ-сұңқар» авиакомпаниясына тиесілі істен шыққан ЯК-40 ұшағы болып шықты. Ескірген әуе кемесін Қостанай әуежайынан Затоболдағы аэродромға автокөлік жолымен көшіру шешілген. Мұны авиакомпания президенті Владимир Досмағамбетов мәлімдеді. 

Оның айтуынша,  ЯК-40 ұшағы табаны күректей 44 жыл қызмет көрсеткен.

«Ұшақты қайта жөндеудің мәнісі жоқ әрі көп шығын қажет етеді. Бұл ұшақта облыстың бұрынғы әкімдері, көптеген министрлер сан мәрте әуе жолына көтерілген. Енді ЯК-40 оқу-жаттығудағы көмекші құралға, сондай-ақ экскурсиялық нысанға  айналатын болады.  Оған арнайы ангар саламыз", - дейді В.Досмағамбетов.      

Ұшақты Затоболға жеткізу үшін оның қанаттары мен артқы бөлігі кесілген. Тасымалға мамандар екі ай дайындалған. Олар мұның сирек кездесетін әрі күрделі шаруа екенін айтуда. Ұшақ діттеген жеріне дейін автокөлік жолымен 4 сағат жүрген, барлығы 36 шақырым қашықтықты еңсерген.


  

Соңғы жаңалықтар