Қостанайда жайылымдық жерлердің электронды картасы жасалды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда цифрландыру бағдарламасы аясында цифрлы фермалар құрылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тимур Бейсембаевқа сілтеме жасап.

Қостанай өңірінде цифрландыру бағдарламасы арқылы «жеңіске тез жетудің» Жол картасы жасалды. Бастапқыда мұнда облыстағы 77 іс-шара белгіленді. Кейінірек барлық мүмкіндіктерді саралай келе, Жол картасына тағы да 53 шара қосылып, жалпы атқарылатын жобалар саны облыста 130-ға жетті. Негізі, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша Қостанай облысы ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында пилоттық өңір саналады. Қазір білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, қауіпсіздік, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес және агроөнеркәсіп кешені салаларында жоспарланған әлгі 130 жобаның 33-і жүзеге асырылды. 

«Қыркүйек айында Qoldau.kz веб-платформасы арқылы жайылымдық жерлердің электронды карталарын жасауға мүмкіндік алдық. Қазіргі уақытта өңірде 4,2 млн гектар шабындық алқап бар. Соның 251,3 мың гектары цифрландыру бағдарламасына кіріктірілді. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп, 2022 жылға дейін 6 смарт-ферма, жер игеру бағытында 5 цифрлы ферма құру жоспарда бар. Алдағы уақытта аудандар мен қалалардың әкімдіктерімен кеңесіп, цифрландыру жобаларын іске асыруға ниетті шаруа қожалықтарымен жұмыс істейміз», - деді Тимур Бейсембаев.

Қостанай облысы республикада агроөнеркәсіп кешенінде көш бастап тұр. Аймақта Елбасының биылғы Жолдауында айтылған міндеттер мен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жер қатынастары саласын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп келеді. 

Жер өңдеуде, құс шаруашылығында, сүт және ет фермаларында «ақылды» технологиялар енгізіліп, ол ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге шығынды азайтып, өнімділік пен пайда әкеле бастады. Облыстағы цифрлы технологиялар енгізген «Терра», «Садчиковское», «Жас қанат», «Қарқын», «Заречное», «Трояна» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Тэрра» шаруа қожалығы секілді 7 агрофирманың тиімділігі жылдам артып келеді.

Облыс өндірісіндегі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі, «Варваринское», «Қостанай минералдары», «Баян сұлу» АҚ, «Промбаза-7» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар өндіріске Индустрия 4.0 пен цифрландыру элементтерін қосты. Мәселен, Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің Қашар кенішінде өткен жылдан бері жұмыс «ақылды карьер» технологиясымен жүреді. Қазір Қоржынкөл және Соколов-Сарыбай кеніштері де жұмысты барынша жеңілдететін, уақыт үнемдейтін осындай озық технологияға көшіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар