Қостанайда жастардың «әлеуметтік тойы» өтті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін көп жылдар бойы Қостанай облысы Полиция департаментінің қамқорлығында болған Николай Жиделев деген жігіт шаңырақ көтерді.

Оның тойын тәртіп сақшылары мен облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайдағы балалар үйінде тәрбиеленген Николай Жиделевке қостанайлық полицейлер үнемі көмек көрсетіп келген. Енді оның отау құру тойынан да сырт қалмады. Полиция департаментіңің Кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Итесов той иелерін құттықтай келді.


«Біз біртұтас елдің азаматтарымыз, қиын-қыстау сәтте қол ұшын созу – әр адамның парызы. Николай өте ізденімпаз, еңбекқор жігіт. Бүгін Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетовтің және барлық тәртіп сақшыларының атынан құттықтап, сыйлығымызды табыс еттік», - деді ол.


Сондай-ақ, полицейлер келешекте Николайдың отбасына қолдау көрсетіп, тіпті, оның жұмысқа орналасуына септігін тигізуге уәде етті.

Облыстық жастар ресурстық орталығының мониторинг секторының жетекшісі Лейла Бексейітованың сөзінше, жастар ғаламтор арқылы табысқан.

«Николай өзінің ата-анасын ешқашан көрмеген. Ал Вераның анасы жесір қалған. Негізі бұл тойды өткізу мамыр айында жоспарланған. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлерді іздестірдік», - дейді Лейла Бексейітова.

Жас отбасыға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бағалы сыйлық тапсырды.

Соңғы жаңалықтар