Қостанайда заң бұзған 40 браконьерге айыппұл салынды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қостанай облысында «Сайғақ» жедел-із кесу іс-шарасы өтіп, 40 браконьерге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

14 қаңтардан басталған «Сайғақ» операциясы кезінде 46 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Қостанай облысының жергілікті полиция департаментінің экологиялық полиция басқармасының бастығы Талғат Ахметовтың айтуынша, 15-20 қаңтар аралығында құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен іріктелген 40-тан астам мобильді топ құрылды.

«Барлығы 246 рейд өткізілді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 28 аң аулау ережесінің бұзылуын, 12 балық аулау және 4 қаруды тасымалдау тәртбін бұзу әрекетін анықтады. Тағы екі адам қаруды заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары заң бұзғандарға 202 мың теңге әкімшілік айыппұл салды», - деді Т. Ахметов.

Биылдан бастап заңсыз аң аулаушыларға салынатын айыппұл көлемі артты. Мәселен, браконьер сібір елігін атса, 900 мың теңге төлейді. Өткен жылдың өзінде тиісті құжаттарсыз аң аулауға байланысты 33 іс тіркелді. Браконьерлер мемлекетке 350 млн теңге шығын келтірген.

«Аң аулауға қойылатын өзіндік талаптар бар. Аңшы куәлігі, салық заңнамасында бекітілген мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына берген Ішкi iстер органдарының рұқсаты, жыртқыш құстарды белгiленген тәртiппен берiлген тіркеу туралы құжат болуы тиіс. Заңсыз аң аулау бойынша ҚР ҚК 337 және 339-баптарымен қылмыстық іс қозғалатынын ескертеміз», - дейді Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Сұңқаржан Байдәулетов.

Соңғы жаңалықтар