Қостанайда үш жерге бомба қойылғанын хабарлаған күдіктіге іздеу салынды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында бірнеше жерге бомба қойылғанын хабарлап, жалған ақпарат таратқан «телефон террорисі» іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін Қостанай облысының полицейлері жарылғыш зат туралы жалған хабарлама таратқан күдіктіге іздеу салған.

Тәртіп сақшылары дереу облыс орталығындағы ең ірі «Март», «Қостанай Плаза» сауда орталықтарында жүрген 2300-ден астам адамды эвакуациялады. Оқиға орнына полиция күштерінен бөлек, жедел медициналық жәрдем, өзге де төтенше қызметтер жеткен. Бірақ сауда орталықтарының ешқайсынан «бомба» табылмады.

Бір күн өткен соң полицияға құрылыс дүкеніне бомба қойылғаны хабарланды.

Салдарынан құрылыс материалдарын сататын ірі сауда орталығынан 87 адамды қауіпсіз аймаққа көшіруге тура келді. Бұл жолы да сауда ғимаратынан ешқандай жарылғыш зат табылмады.

Жалған ақпарат таратудың үшінші жағдайы кеше тіркелді. Полиция департаментіне автовокзал аумағына жарылғыш заттың қойылғаны айтылды.

«Арнайы мамандар ғимаратты түгел тексеріп шықты. Ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Автовокзалдан 40 адам эвакуацияланды. Қазір осы оқиғаға қатысты тексеру-іздестіру шаралары жүріп жатыр. Полиция мен тұрғындарды бірнеше күн дүрліктіріп қойған жалған ақпаратты бір адам таратып отыруы мүмкін. Күдікті жоғары технологиялық құрылғыларды пайдаланған. Іздеу шараларына тәжірибелі мамандар жұмылдырылды», – деді облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Сембин.


Соңғы жаңалықтар