Қостанайда «Ұрпақтар жадында» акциясы басталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Қостанай облысында «Ұрпақтар жадында» атты республикалық акциясы бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұрпақтар жадында» атты республикалық акциясының мақсаты - көшелерді абаттандыру және ардагерлерге қолғабыс ету. Іс-шаралар тізбегін «Nur Otan» партиясының Қостанай қалалық филиалы мен медицина колледжінің студенттері бастап кетті. Олар Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Сұлтан Баймағамбетов батырдың құрметіне берілген шаһардың басты көшелерінің біріне абаттандыру шараларын жүргізді.

«Бұл акция партиялықтар үшін жыл сайын өтетін, дәстүрлі бастамаға айналды. Ескерткіштермен қатар, белсенді жастар мемориалды тақталар, батырлардың есімдері берілген көшелерді тазартып, көркейту шараларына атсалысып келеміз. Игі шараға қала тұрғындарының белсенділігін арттыру, жастардың бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту үшін басталды»,- дейді «Nur Otan» партиясы Қостанай қалалық филиалының кеңесшісі Айтөре Тұрсын.

20-дан астам колледж студенті қолдарына құрал-сайман алып шығып, көшелерді тазалады. Бұл батырлардың рухына тағзым, құрмет көрсету, дейді олар.

«Туған жері мен елін жаудан қорғап, туған халқына суықта пана, ыстықта сая болған, Ұлы дала елінің даңқты батырларының өмірімен өскелең жас ұрпақты етене таныстыру - бүгінгі күннің басты мақсаты. Мәселен, Сұлтан Баймағамбетовтің есімі астықты аймақ шежіресінің тарихында айрықша орны бар. Батырдың рухына құрмет көрсету, кейінгі толқын өкілдерінің парызы», - дейді Қостанай медициналық колледжінің студенті Серік Байсұлтанов.

Айта кету керек, республикалық акция аясында Қостанай облысының әр ауданы мен қалаларында, шалғай жатқан елді -мекендерде де абаттандыру шаралары ұйымдастырылды. Бас аяғы 47 нысан қамтылды. Бұл науқан алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Соңғы жаңалықтар