Қостанайда ҮЕҰ жобаларына 300 млн теңге бөлінді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда сегізінші азаматтық форум болып өтті. Форумда үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) бөлінетін қаржының көбейгені белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Азаматтық форумда жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдері өзара пікір алмасып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Форумға Қоғамдық даму министрлігінің өкілі Қайрат Баймолдинов, Қазақстан Азаматтық қоғам Альянсының вице-президенті Мұсағали Дуанбеков, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ұлттық акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Оралова қатысты. Диалог алаңдарында пікір алмасу ұйымдастырылып, министрлікке, Азаматтық альянсқа ҮЕҰ өкілдері арқылы ұсыныстар жасалды.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың айтуынша, Қостанай облысы мемлекет пен азаматтық қоғамның ынтымақтаса жұмыс істеуі жөнінен республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ол жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлтаралық қатынаста әдеп сақтау қажеттігіне тоқталып, діни экстремизм мен терроризмге бірлесе қарсылық таныту керектігін жеткізді.

«Қазір облыста 101 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішінде 609 ұйым белсенді жұмыс істейді. Қазақстан егемендігін алғаннан күннен бастап, халықтың әл-ауқатына басты көңіл бөліп келеді. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік органдар әріптестігі жақсы дамып келеді. Бүгінде облыста әкімиаттар құрылымдары мен қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігі 17 бағытта кеңейіп отыр. Осы жылы ҮЕҰ 240 жобаны қолға алмақ. Осы мақсатта 301,4 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір көп», -деді Марат Жүндібаев.

Отырыста айтылған маңызды ойлар мен ұтымды ұсыныстар алдағы қараша айында Астанада болатын республикалық форумда талқыланбақ. Форум қатысушылары үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын нығайту, еріктілердің бастамаларын қолдау туралы диалог құрды.

«Мемлекет азаматтық қоғамның жұмысын қолдайды. Осы мақсатта Президент Жарлығымен 2016 жылы ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Бұл - тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы азаматтық қоғамды қолдау мақсатында жасалған алғашқы қадам болатын. Бүгінде азаматтық қоғам институтына деген жұртшылықтың сенімі жоғары»,-деді Қоғамдық даму министрілігінің өкілі Қайрат Баймолдинов.

Марат Жүндібаев қостанайлық белсенді ҮЕҰ-ды ҚР Қоғамдық даму министрлігінің және облыс әкімінің грамоталарымен марапаттады. Жеңімпаздарға «Жомарт жүрек» премиясын және «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгісін тапсырды.

Соңғы жаңалықтар