Қостанайда тұрмыстық дүкендер мен көлік сервисі орталықтарының жұмысына рұқсат берілді

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардың жұмысына рұқсат берілді. Бұл туралы Қостанай облысының мемлекеттік санитарлық бас дәрігері Е. Даулетбаев қаулы шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автожуу, шиномонтаж шеберханалары, автомобильдерді, тұрмыстық техника, сағаттарды, телефондарды, компьютерлерді, аяқ киімді жөндеу, тігін ательесі, кір жуу, химиялық тазалау, кілттерді жасау орындары кедергісіз жұмыс істейді. Аталмыш нысандарда күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим сақталуы тиіс. «Қазпочта» АҚ жұмысы сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін белгіленді. ХҚКО-ның жұмысы алдын ала жазылу бойынша сағат 9-00-ден 18-00-ге дейін белгіленді. Әлеуметтік қашықтықты, бетперделік режимді, термометрияны, күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтауды қамтамасыз ету міндет», делінген қаулыда.

Қостанай облысының тұрғындары 2021 жылғы 8 ақпаннан бастап қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте, халыққа қызмет көрсетуге және демалуға арналған үй-жайларда медициналық немесе мата маскаларын міндетті түрде алып жүру керек.

Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында, жедел жәрдем машиналарында, карантин үшін жергілікті атқарушы органдар айқындаған үй-жайларда, науқастармен байланыста болған адамдарға жүргізген кезде пациенттер мен медицина қызметкерлерінің келісімінсіз аудио, фото және бейне түсірілімдер жүргізуге тыйым салынды.

Облыстық полиция департаменті тұрғын үй секторы, базарлар, сауда объектілері, саябақтар, скверлер, аулаішілік балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарында кезекшілік ұйымдастырып, рейд жүргізеді. Қаулы талаптарын бұзып, санитариялық-эпидемиологиялық шараларды сақтамағандар жауапқа тартылады.


Соңғы жаңалықтар