Қостанайда тұмауға қарсы вакцинаның бағасы қанша

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қауіпті жұқпалы аурулар бойынша Қостанай облысында эпидемиолоиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілі Гүлім Досымоваға сілтеме жасап.

Қостанай облысында жедел респираторлық инфекцияларға қарсы вакцина егу жұмыстары аяқталып қалды. Бүгінде өңірде 361 егу пункті бар. Алайда, олардың барлығы тегін екпе жұмыстарын жүргізбейді.

«Тегін егу қызметі арнайы әлеуметтік топтардың өкілдеріне ғана қарастырылған. Облыс орталығынан шалғай орналасқан тұрғындардың ақылы емделуге мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан олардың дені Қостанай қаласындағы  «Мәриям» және «УроМед» медициналық орталықтарына жүгінеді. Екпе жұмыстары қараша айының ортасына дейін аяқталуы мүмкін», - деді Гүлім Досымова.

Мемлекеттік бюджет қаржысына жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі ең көп әлеуметтік топтар: созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын, иммунитеті төмен және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдерге тегін егіледі. Вакцина жасайтын медициналық мекемелердің мекенжайлары тұрғылықты жері бойынша аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерінің жəне денсаулық сақтау басқармаларының сайттарында орналастырылды. Əр өңірдегі ақылы егу кабинеттерінде тұмауға қарсы вакцинаның құны 1 600-3 500 теңге аралығында болады.

Бір ескеретіні, екпе егілгеннен кейін 14 күннен соң күшіне енеді, оның қорғаныш белсенділігі 6-дан 12 айға дейін созылады. Ақ халаттылар тұмаумен ауырған жағдайда өздігінен ем қабылдаудан сақ болу керектігін айтады. «Тұмау ауруының белгілері байқалғанда жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінген дұрыс», - дейді сала мамандары.

Қостанай облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қолға алынған вакцинациялау шаралары биыл жақсы нәтиже берді. Соның нәтижесінде былтырғы кезеңмен салыстырғанда облыста өткір респираторлық жұқпалы ауруларға шалдыққандар қатары 21,1 пайызға төмендегенін хабарлаған болатынбыз.  Бұған қоса өзге де жұқпалы індет бойынша көрсеткіш едәуір жақсарған.

Соңғы жаңалықтар