Қостанайда триатлоннан Қазақстан чемпионаты өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанайда 18-24 шілде аралығында триатлоннан Қазақстан чемпионаты мен кубогы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті таратқан мәліметтерге сүйенсек,  аталған турнир ұлттық құрама мүшелерінің Азия ойындары алдындағы басты дайындықтардың бірі болмақ.

Триатлоннан Қазақстан біріншілігіне Алматы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Түркістан облыстары мен Алматы және Астана қалаларынан 70-ке жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

Қазақстан триатлон федерациясының жарыстарды ұйымдастыру жөніндегі директоры Сергей Майердің айтуынша, Түркістан және Ақмола облысының спортшылары чемпионаттың басты фавориттері болмақ.

«Қазақстан чемпионаты аяқталған соң ұлттық құрама спортшылары Алматыда 2-6 тамыз аралығында өтетін Азия кубогына қатысады. Азия ойындарына дейін триатлоншылар оқу-жаттығу жиындарын өткізетінін хабарлағымыз келеді. Сеулде 7-17 тамыз аралығында жаттығу жиындары өтеді. Ал 18-20 тамыз күндері спортшыларымыз Кореяда өтетін Азия кубогында бақ сынайды», - дейді директор.

Сондай-ақ федерация өкілдері Джакартадағы Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама спортшыларының есімін атады. Жазғы ойындарда ел намысын Аян Бейсенбаев (Ақмола облысы), Максим Крят (Астана) және Анастасия Автушко (Шымкент) қорғамақшы. Әзірге, Азиадаға аттанатын төртінші спортшының есімі белгісіз.

Соңғы жаңалықтар