Қостанайда термопарк салынып, бассейні теңіз суымен толтырылмақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласындағы Kostanay Plaza сауда, ойын-сауық дүкенінің жанынан термопарк салынады. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қаладағы әлеуметтік нысандарды аралау кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Kostanay Plaza сауда, ойын-сауық дүкені елдегі ең ірі орталықтардың біріне айналмақ. Архимед Мұхамбетовтің сөзінше, сауда орталығының қазіргі ауданы 33 мың шаршы метрді құрайды. Енді оның жанынан аумағы 68 мың шаршы метр қосымша ғимарат – THERMA PARK бой көтереді.

«Осылайша, Kostanay Plaza Қазақстандағы ең ірі өңірлік сауда, ойын-сауық орталықтарының бірі болады. Термопарк көпфункциялы қызмет атқарады. Қазіргі таңда термопарктің құрылыс-монтаждау жұмыстары 80% аяқталды. Сонымен қатар инженерлік коммуникациялар жүргізілді. Ғимарат ішінде бассейндер, монша кешені орналасатын болады. Оның біріне таза теңіз суы құйылады. Бұл ғимаратты салудағы мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау, қала көркін арттыру. Бас мердігер нысанды 2020 жылдың соңына дейін тапсырады», - дейді аймақ басшысы.

Архимед Мұхамбетов айтқандай, мұнда жерасты паркингін де жасау жоспарланып отыр. Айта кету керек, мұндай тәжірибелер көршілес Ресейдің Қорған облысында бар әрі халық сұранысына барынша ие.

Соңғы жаңалықтар