Қостанайда студенттер үшін 5 жатақхана салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғындарға есеп беру кездесуінде жатақхана мәселесінің толықтай шешілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы уақытқа дейін студенттерді баспанамен қамту - түйіні шешілмей тұрған мәселе санатында болған. Енді бұл олқылықтың орны толмақ.

«Студенттерді уақытша баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті жалпы құны 707,2 миллион теңгеге 336 орынға арналған жатақхана салып жатыр. Бұдан бөлек Қостанай қаласында 4 студент үйін салу жоспарланды. Атап айтқанда, Қостанай медициналық колледжі, жоғары политехникалық колледжі, автомобиль көлігі колледжі, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ базасында жатақхана бой көтереді», - деді аймақ әкімі.

Архимед Мұхамбетов сапалы білім беруге қажетті жағдай жасау үшін жыл сайын облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінетінін айтты. Мәселен, былтыр білім саласының шығындарына 80,2 млрд теңге бағытталған.

«Қостанай қаласында 900 орынға арналған 2 мектеп ашылды. «Әуежай» шағын ауданындағы орта мектеп және мемлекеттік тілде оқытатын мектеп-гимназия өңірдегі үш ауысымды оқыту мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік берді. Облыста тағы екі мектептің құрылысы басталды. 21 білім беру обьектісі күрделі жөндеуден өтті. 2020 жылы 15 білім нысанына 2,9 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр», - деп толықтырды Архимед Мұхамбетов.


Соңғы жаңалықтар