Қостанайда Шақшақ Жәнібек ескерткіші ашылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда Жәнібек Қошқарұлының ескерткіші бой көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тағылымды шараға ҚР Парламентінің депутаттары, елімізге танымал ақын-жазушылар арнайы келген. Рәсімнің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов батыр бабаға арналған ескерткіштің мән-маңызына тоқталды.
null 

«Бұл игі іс Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Елдікті көрсетер сəулетті ескерткішті қаланың кіреберісіне қойғанымыз да бекер емес. Қалаға келген қонақтар Тархан бейнесіне қарап, қазақ батырының рухын бойына сіңіреді. Жəнібек ердің құнын екі ауызбен шеше алатын көсем болған деседі. Жас ұрпақ мұны білуі тиіс, - деді облыс әкімі.
null 

Жоба бастамашысы, белгілі академик Кенжеғали Сағадиев қаржы жинауға атсалысқан ел азаматтарына алғысын білдірді.

«Біз бүгін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Тархан Жәнібек ел тəуелсіздігін аңсады. Осы жолда қолға қылыш алды. Бабамыз - мықты мәмілегер. Бұл туралы бірнеше тарихи деректер айғақтайды. Ескерткіш көптің жұмылуымен ашылды. Барша қостанайлықтарға алғысымды білдіремін», - деді Кенжеғали Сағадиев.

Белгілі жазушы Сəбит Досанов, ақын Серік Тұрғынбекұлы өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Мұнан соң Шақшақ Жəнібектің тікелей ұрпағы Рахым Жұмағұлов  пен академик Кенжеғали Сағадиев батыр  ескерткішін салтанатты түрде ашты.  

«Салт атқа қонған батыр мүсінін тұрғызу жұмыстары қаңтар айында басталды. Батырға арналған белгі ерікті адамдардың қаржысына тұрғызылды. Қаржы жинау үшін "Жәнібек-тархан" қоғамдық қайырымдылық қоры құрылды», - деді «Асалия» мердігер-фирма басшысы Дулат Шаяхметов.

Тарихи тұлғаның тұғыры қаланың батыс жақ кіреберісіндегі айналма жолдың ортасына қойылды. Шақшақ Жәнібек ескерткіші құрылысына 270 тонна тас жұмсалды. Ескерткіштің өзіне Алматы облысында өндірілген қола пайдаланылды. Нысанның биіктігі -14,45 метр. Скульптор - белгілі мәдениет қайраткері  Қадыржан Кәкімов. Ол Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс ескерткішін де жасағанын айта кетейік.
null  

Батыр бабаға арналған бағдарламалар легі А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде жалғасады. Оқу орнының мәжіліс залында «Шақшақ Жәнібек - ұлы даланың ұлы тұлғасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Соңғы жаңалықтар